Moderna әзірлеген вакцина кейбір қатерлі ісіктерді емдеу тәсілін өзгертуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Moderna компаниясы әзірлеген жекелендірілген мРНҚ-вакцина меланоманың, яғни тері қатерлі ісігінің агрессивті түрінің қайта пайда болу және таралу қаупін төмендетті.
Клиникалық сынақ нәтижелері жарияланғаннан кейін компания акциялары 160 пайызға дейін қымбаттап, нарықтық капитализациясы шамамен $40 млрд-қа өсті, деп хабарлайды Reuters.
Клиникалық сынақтың соңғы кезеңіндегі оң нәтижелер COVID-19 пандемиясынан кейін өнімдер қатарын кеңейтуге ұмтылып отырған Moderna үшін маңызды жетістік болды.
Компанияның бизнесінің қарқынды өсуіне бұған дейін коронавирусқа қарсы мРНҚ-вакцинасы айтарлықтай ықпал еткен еді.
Жекелендірілген вакцина әр пациентке жеке әзірленеді.
Ол иммундық жүйеге ісік жасушаларындағы өзіне тән мутацияларды танып, оларды жоюға мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында вакцина Merck компаниясының Keytruda препаратымен бірге қолданылды.
Меланоманы хирургиялық жолмен алып тастаған, бірақ аурудың қайта пайда болу қаупі жоғары пациенттерде вакцинаны Keytruda-мен біріктіріп қолдану тек Keytruda препаратымен емдеуге қарағанда жақсы нәтиже көрсеткен.
Зерттеу нәтижелері бұл технологияны қатерлі ісіктің басқа түрлеріне қарсы препараттар әзірлеуге жол ашуы мүмкін екенін көрсетті.
Moderna, Merck және басқа да компаниялар бұл тәсілді өкпе, сүт безі және ұйқы безі ісіктерін емдеуде зерттеп жатыр.
Бұған дейін Қазақстанда өкпе қатерлі ісігін анықтауға арналған жаңа скрининг іске қосылатыны хабарланған болатын.