Могерини: Жаңа Жібек жолы - маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі
СТРАСБУРГ. ҚазАқпарат - Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері жақындасты. Бұл туралы Страсбургтегі Еуропалық парламенттің пленарлық сессиясында ЕО-тың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могерини мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Еуропа мен Орталық Азияның бес елі бұрын-соңды қазіргідей жақын болған жоқ. Олар біздің көршілеріміз. Жібек жолы - өткенді еске алу емес, ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі», - деді еуропалық дипломатияның басшысы.
Оның айтуынша, Орталық Азия қазіргі уақытта Еуропа мен Азия арасындағы торап іспеттес.
«Ауғанстандағы немесе Таяу Шығыстағы оқиғалар біз үшін де маңызды. Олардың қауіпсіздігі - біздің қауіпсіздігіміз», - деп атап өтті Ф.Могерини.
ЕО дипломатия басшысы атап өткендей, еуропалық компаниялар тек өңірге ғана емес, сондай-ақ Еуропалық одаққа пайда әкеле отырып, Орталық Азияны инвестициялауға ұмтылуда.
«Бизнес ортаны жақсартуға барлығымыз мүдделіміз. Біз кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімдердің жаңа серпіні бойынша жұмыстарды бастадық. Ондай келісімді Қазақстанмен жасастық, қазір Қырғызстанмен жүргізіп жатырмыз», - деді Ф.Могерини.
Сондай-ақ, ол ЕО сыртқы саяси ведомствосының Өзбекстанмен, Түрікменстанмен жаңа келісім бойынша келіссөздер жүргізуді бастайтынын мәлім етті.
Айта кетейік, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегияларды әзірлеу процессі 2017 жылдың қыркүйегінде басталды.