00:04, 20 Қаңтар 2015 | GMT +5
МОГУЛ: Қазақстандық Ю.Галышева Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Австрияның Крайшберг тау шаңғысы шипажайында фристайлдан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы қыз Юлия Галышева қола жүлдеге қол жеткізді.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, жұптық могулден американдық Ханна Кирни әлем чемпионы атанса, канадалық Жюстин Дюфур-Лапойнт күміс жүлден иеленді. Юлия үшінші орын үшін бәсекеде атышулы апалы-сіңлілердің бірі Хлоя Дюфур-Лапойнттен басым түсті.
Бұған дейін осы әлем біріншілігінде могулден өткен жарыста Юлия бесінші орынды иеленді.
Еске сала кетейік, 2014 жылғы 13 желтоқсанда Финляндияда өткен Әлем кубогі кезеңінде жұптық могулден Ю.Галышева жартылай финалда Ханна Кирниді, финалда дәл осы Хлояны ұтып, жеңімпаз атанған болатын. Өткен жылғы Сочи Олимпиадасында төрешілердің төмен баға қоюынан жүлделі орынға іліге алмаған қазақстандық могулші шеберлігін осылайша дәлелдеп келеді.