Мохамед Салах «Ливерпуль» тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды

None
Фото: Peter Byrne/Getty Images
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мысырлық Мохамед Салах ағылшындық «Ливерпуль» тарихында ең сұрмерген ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, М.Салах Англия Премьер-лигасының 26-турында «Манчестер Юнайтед» клубымен матчта қос голдың авторы атанды.

Осылайша, мысырлық шабуылшы Англия чемпионатындағы 128-інші және 129-голын соғып, атақты футболшы Робби Фаулерді басып озды.

Аталмыш ойында Салахтан басқа Коди Гакпо мен Дарвин Нуньес екі-екіден гол соқса, Роберто Фирмино матч нүктесін қойды. Сөйтіп, германиялық маман Юрген Клоптың шәкірттері 7:0 есебімен жеңіске жетті.

Англия біріншілігінде лондондық «Арсенал» 63 ұпаймен көш бастаса, «Манчестер Сити» (58 ұпай) екінші, «Манчестер Юнайтед» (49) үшінші орында. «Ливерпуль» 42 ұпай жинап, бесінші сатыға көтерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Карим Бенземаның Лионель Мессидің рекордын қайталағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар