«Мол астықты сақтау да, сату да өзекті» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 қазан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Мол астықты сақтау да, сату да өзекті» - республикалық басылымдарға шолу

***

Елбасы оңтүстіккке келген сапарында Тәуелсіздік саябағында облыс ардагерлері мен ұлттық мәдени орталық өкілдерімен жүздесті. «Жылы қауышуда әңгіме ағытылып қоя берді. Нұрсұлтан Әбішұлы оңтүстіктегі ең үлкен проблемалар: су, көгілдір отын, жарық және жол мәселелеріне тоқталып, әрқайсысы бойынша өзінің тікелей бақылауымен Үкіметтің толымды жұмыстар жасап жатқанын баян етті. Бұл сапар юарысында көтерілген мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Тәуелсіздіктің тәтті жемісі» деген тақырыппен жарық көрді.

Қостанайлық диқандар астықты алқаптың 95 пайызын жинап, қамбаға құйды. Жауын-шашынның салдарынан оңтүстік аудандарда дала кемелері қайырлап тұрып қалған күндер де болды. Диқандар соңғы аптадағы қазан шуақтың құрғақ күндерін барынша пайдаланып қалуға тырысуда. Биыл Қостанай өңірі тарихында болмаған астық шықты. Қазірге дейін диқандар 7 миллион 600 мың тонна астықты қамбаға құйып алды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Мол астықты сақтау да, сату да өзекті» атты мақалада.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, әлем экономикасына жаңа дағдарыс толқыны төнген сайын, дөңгеленген дүниеде инвесторларды тарту жолындағы күрес күшейіп барады. Дүниежүзіндегі алпауыт елдердің өзін «жаналқымнан» алған дүрбелеңдер мен аласапырандар «инвестиция дағдарысына» да әкеліп соғуы ғажап емес. Америкалықтардың «Уолл-стритті басып ал» акциясы енді «Бірге басып аламыз» қозғалысына айналып, Германия, Англия, Чили және Аргентинаға қанат жаюы жаһан жүзінде қаржы салудың жаңа мүмкіндіктерін жан сала іздеген инвесторларды тіксінтіп, аяқты байқап басуға итермелей бастағандай. Осы жағдайда да қазақ елі «Тұрақтылық жерұйығы» болып қалуда. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақстан қаржы тартудың ең озық тәжірибелерін қолданады» атты мақалада.

Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, жақында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі еліміздегі жанармай бекеттерінің 60 пайызы сапасыз бензин сататыны жөнінде мәлімдеме жасаған болатын. Соңғы жарты жылда 175 жанармай бекетіне тексеру жүргізіліп, олардың 67 пайызынан түрлі заңбұзушылықтар анықталған. Қалта қамын күйттеген бекет қожайындары көбінесе тұтынушыларға октандық көрсеткіші төмен бензин сатумен айналысқан. Бұл туралы «Жалған жанармай көбейді» атты мақалада.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Тоқсанбай, Сексенбайларды былай қойып, бүгінде Жетпісбай мен Алпысбайды кездестіру мүмкін болмай қалды. Егер ерлердің түйткіліне бүгін назар аудармасақ, ертең-ақ бұл үлкен мемлекеттік мәселеге айналады»,-дейді уролог мамандар. Өйткені Қазақстанда әрбір үшінші ер азамат дәрігерлердің көмегінсіз ұрпақ жалғастыруға қауқарсыз. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Тоқсанбайды қойып, Қырықбайларға зар болып қалмаймыз ба?» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.

Әлемдік саясаттың белді ойыншысы саналатын АҚШ-тың бастамасымен Оңтүстік және Орталық Азиямен байланыстыратын жаңа «Жібек жолы» салынып жатыр. Бұл бұған дейін біз «Жаңа Жібек жолы» деп атап келген «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізі емес. Бүкіл әлем «Жаңа Жібек жолы» деп атап отырған жоба тікелей АҚШ-тың қатысуымен жүзеге асырылуда. «Халықаралық қатынастарда қандай жоба болмасын прагматикалық шешімдер негізінде қабылданады. Алыстағы АҚШ-тың да бір ойлағаны бар. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Жаңа Жібек жолының» астарында не жатыр?» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Новый импульс «эстафеты мира» атты мақала жарық көрді. Оған Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған делегацияның қатысуымен Бернде өтіп жатқан, Парламентаралық одақтың мерейтойлы 125-ші ассамблеясында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, аталмыш жиында өркениет ядролық қаруды пайдаланудан бас тартады немесе осы қару өркениетті жер бетінен жоқ етеді деген мәселе төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр.