Молдаш әжей - бақытты шаңырақ иесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мынау жалғанда сіз бен біздің аққанат армандарымызға сүйеу болған, ұлт болып тегіс ұлықтап, кие тұтатын, ерекше қастерлейтін құндылықтар бар.
None
None

Отбасы - соның ең үлкені. Біз оны шағын мемлекетке бекер ұқсатпаймыз. Әр мемлекеттің өз заңдары болатыны секілді, әр отбасының да өзіне ғана тән, оның мүшелеріне ғана ыстық та жақын сезілетін салт-сана, дәстүрі, өзгеше ғұрпы болады. Бірақ барлық қазақ шаңырағына ортақ қасиет - атаны құрметтеп, ананы аялау, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету, қазақы тәрбие мен тәртіпті бұлжытпай сақтау екендігін ешқашан естен шығармайық.

Біз бүгін әңгіме еткелі отырған отбасы өңіріміздегі зейнеткерлік жасындағы қазақ отбасыларының ортақ эталоны іспеттес - үбірлі-шүбірлі, тату-тәтті, мамыражай, бақуатты. Айрықша алып-жұлып тұрған ештеңесі жоқ, қарапайым ғана отбасы. Шаңырақ ұйытқысы, көненің көзі Молдаш әжей аяулы жары, Ұлы Отан соғысының ардагері Төленді Тұрапбаевпен жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақтың түтінін түтетіп, бақытты отбасының шырағын жағыпты. Әлі де сол соқтықпалы, соқпақты сүрлеуден, биік асулардан бірге өтер еді, отағасы 15 жыл бұрын кенеттен дүние салмағанда. Дегенмен, өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Екеуі 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсіріпті. Ескіліктегі қариялар «артында із қалды деген осы ғой» деп құдайға мың шүкіршілік етіп отыратын 24 немере, 16 шөбере әжейдің көңіліне қуаныш сыйламай қоймайды. Осы күніне тәуба дейді. Өйтпегенде ше? Әжей осы бақытты күнге оп-оңай жете салған жоқ-ты.

1927 жылы дүниеге келген Молдаш апа аштықты да көріп, сұм соғыстың тақсіретін де бір кісідей тартқан, бірақ соған мойымаған асыл текті жан. Ұлы Отан соғысының ызғары сол кездің балғындарын ерте есейтті. Оқу-тоқуды, бала болып ойнауды білмеді. Оның үстіне жастайынан жесір қалған анасы мен үш бауырына қамқор болуы керек еді. Болды да. Қамқор бола жүріп өзі де бой жетті. 1947 жылы Ұлы Отан соғысынан абыроймен оралған, өзінен бес жас үлкен көркем жігіт Төлендіге ұзатылды. Отағасы агроном әрі мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі қызметтерін қатар атқара жүріп, соғыстан кейінгі азаматсыз қалып, көшкен жұрттың кебін киген қалың елге демеу, сүйеніш бола білді. Отбасын да бір сәтке ұмытқан емес.

- 1950 жылы, тұңғышымды босанған жылы алғаш рет нанды тоя жедік, - дейді кейуана өткен күндерді еске алып, - оған дейін тойып тамақ жеген, жарытып киінген адам болмаған шығар. Тоқылған алашаны бешпет қылып, үстіне ілгендерді де көргенбіз. Мата қат болған соң марляны түрлі-түсті бояулармен бояп, қабаттап көйлек тігетінбіз. Сонда да отбасымызды талақ ету, қиындықтан басыңды ала қашу деген ой болған емес. Мүмкін заман басқа болды ғой дерсіңдер, жөн ғой, бірақ, отбасы - біз үшін адалдықтың, тәлім-тәрбиенің, үйлесім мен махаббаттың шыңы болды, оны сақтауды басты парыз тұттық.

Кеңес заманы қазақтың әйелдерін аялаған деген жалаң ұранға сенсеңіз, қателесесіз. Әлбетте, колхозыңа қол ұшын беріп, еңбегіңді сіңірген жақсы-ақ. Бірақ, олардың табиғи жаратылысындағы ерекшеліктерін, нәзік болмысы мен әйелдік, аналық міндетіне адал болуына жол бермеу жөн бе еді? Өмірге ұрпақ әкелерде колхоздың қызылшасы қатын-қалаш болмаса құрып қалардай босанғанға дейін 6 күн, босанғаннан кейін 6 күн ғана демалыс берген. 12 күннен кейін құндақтағы сәбиіңді көкірегіңе қысып, таң атысымен жұмысқа шығасың. Бүгінде 3 жылға дейін үйіңде перзентіңді аялап отыру қайда? «Қызылша жүйегінің мына басына бесіктегі сәбиімді ұйықтатып кетемін де, екінші басына дейін жекелеп шығып, кері айналып келгенде сәбиім оянып қалатын. Оны бір емізіп, әлдилеп ұйықтатамын да екінші жүйекке ауысамын. Кешке қатты шаршағаннан сілем қатып, балама ерекше көңіл бөлуге шамам жете бермейтін. Сонда құлынымды бауырыма бір қысып, армансыз әлдилемей-ақ қаншама уақытым еңбекпен, ауыр бейнетпен өтіпті» дейді кейіпкерім күрсініп. Жан-жүрегіңдегі аналық махаббат пен мейірімді балаңның бойына толығымен сіңіріп, жанында бола алмау да қасірет. «Қайран біздің аналар арды ойлаған» демеске шараңыз бар ма енді....

Бүгінде бұл қарапайым ғана отбасында қарапайым жандар тіршілік кешуде. Бес қыз - Сәрсекүл, Райкүл, Рәйлә, Айшакүл, Әйгерім түгел тұрмыс құрса, Сейітхан, Керімхан, Әзімхандардың алды немерелі. Бұлардан өрген ұрпақтың бір ерекшелігі - әскери қызметке адал. Шетінен лейтенант пен майорлар, подполковниктер. Қазақ үшін қара шаңырақтың егесі - қашанда кенже ұл. Бұл міндетті ауылдық мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, Молдаш әжейдің кенжесі Әзімхан арқалаған. Алғаш Базарбай ауылына көшіп келгенде Әзімхан біраз уақыт қынжылып жүріпті. Ауылда таза ауыз су жоқ еді. Кейіннен ертегідегі батырларша қырық құлаш құдық қазып, су шығарды. Бұл сауапты іске бүгінде бүкіл ауыл-аймақ дән риза. Тұрғындардың басым бөлігі суды осы құдықтан алады, малдарын да осында суғарады.

Қоғамның іргетасы саналатын отбасы құндылығының басты нышандары осындай болса керек. Ата-ана тату, балалар өсіп-өнген, тәрбиелі де өнегелі, үйде шаттық пен жылы қарым-қатынас салтанат құрған. Бұдан артық не керек, сіздіңше...

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар