Молдавиялық түрмеде есірткі тасымалдағыш мысық құрықталды

АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - Молдавиялық түрменің күзетшілері түзету мекемесіне марихуана тасу үшін пайдаланылған мысықты құрықтады. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлады.

Молдавиялық түрмеде есірткі тасымалдағыш мысық құрықталды

«Күдікті» мысық абақтыға дуалдағы тесік арқылы өтіп бара жатқанда ұсталған екен. Кейін жануардың мойнындағы күлгін түсті қарғыбауында марихуана салынған екі қалта анықталды.

Түзету мекемесі басшылығының хабарлауынша, есірткі тасымалдағыш мысықты түрмемен көршілес орналасқан Прункул елді мекені тұрғындарының бірі пайдаланған көрінеді.

Маусым айында Коми Республикасындағы түзету колониясында да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған мысық ұсталған еді. Сол кезде оның денесіне бекітілген екі ұялы телефон табылған еді.

Бұған қоса биылғы жылдың басында Бразилиядағы абақтылардың бірінде қарауылшылар сотталғандарға контрабанда тасымалдамақ болған мысықты ұстады.

Атап айтқанда, түзету мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды жеткізу үшін жануарды пайдалану әрекеті іске аспады. Мысыққа артылған «жүкті» түрменің бас қақпасының алдындағы қарауылшылар байқап қалған көрінеді. «Құрықталған» мысықтың арқасына бұрғылар мен егеулер, зарядтағыш құрылғысымен жабдықталған ұялы телефон және басқа да заттар скотчпен байланған. Белгілі болғандай, бұл заттар Арапирак қаласының абақтысынан қашуға бел буғандардың дайындығына арналған.