Молдова мемлекеттік тілдің атауын ауыстырды: Бұл ненің белгісі

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 16 наурызында Молдова Республикасының парламенті «молдова тілі» деген тіркесті «румын тілі» сөзімен алмастыруды көздейтін заң жобасын бекітті. ҚазАқпарат тілшісі осы өзгерістің ел өміріне қалай әсер ететініне шолу жасап көрді.
None
Фото: © Sipa / Scanpix

Мемлекеттік тілдің атауын ауыстыруға не түрткі болды

Бұл заң ел Конституциясына да тиісті өзгеріс әкеледі деген сөз. 22 наурызда ел президенті Майя Санду аталмыш заңды ресми жария етті.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Молдова Республикасының мемлекеттік тілі молдова тілі болып бекітіліп, 1994 жылы Конституцияға қатталған болатын. Бірақ дәл сол кезде Конституциядағы мұндай норма 1991 жылы елде қабылданған Республика тәуелсіздігі туралы декларацияға қайшы екені көптеген дау-дамайға арқау болған. Өйткені аталмыш декларацияда мемлекеттік тіл латын қарпіне негізделген румын тілі екені жазылған еді. 2013 жылы осы мәселе Молдова Республикасының Конституциялық сотында қаралып, аталмыш баптың ресми түсіндірмесі туралы үкім шығарылды. Ол үкім бойынша декларацияның заңдық күші Конституциядан үстем екені айтылған. Яғни, мемлекеттік тіл «румын тілі» деп аталуы керек деген шешім шыққан.

2016 жылы сол кездегі Молдова президенті Николай Тимофти (2012-2016 ж.ж.) мемлекеттік тілдің атауын Конституциялық сот шығарған үкіммен сәйкестендіріп, өзгертуді ұсынды. Тіпті Молдова басшысы республиканың негізгі халқы румындар екенін, ал «молдавалық» деген ұғым «қолдан жасалған этнос» екенін мәлімдеген. Дей тұрғанмен ол кезде бұл бастама қызу талқыланып, талай пікірталасқа арқау болғанымен, ақыры аяқсыз қалған.

Фото: РИА НОВОСТИ/Руслан Шалапуда

2016 жылы Молдова Республикасының президенті болып Игорь Додон сайланды да, процесті қайта кері бұрды. Ол президентің ресми сайтындағы мемлекеттік тілдің атауын румын тілінен «молдова тілі» етіп өзгертті.

Фото: РИА НОВОСТИ/Руслан Шалапуда

2020 жылы Игорь Додонның орнына билікке қазіргі президент Майя Санду келді. «Әрекет және ынтымақтастық партиясының» көшбасшысы президент сайтындағы өзгерісті қалпына келтірді. Осылайша ресми сайттағы мемлекеттік тілдің атауы «молдова» тілінен қайта «румын» тіліне өзгертілді. Бір қарағында бұл тілдің сыртқы атауын өзгерту шарасы болып көрінеді. Дегенмен кейбір сарапшылар Майя Сандудың бұл әрекетін оның батыс құндылықтарына бағдарланған саясат ұстанатынын, елінің еуропа кеңістігімен интеграцияланғанын қалайтынын аңдататын көрсеткіш деп бағалап отыр.

Фото: AFP

2021 жылдың сәуір айында «Әрекет және ынтымақтастық партиясының» көшбасшысы мемлекеттік тілдің атауын 2013 жылы Конституциялық сот шығарған шешіммен сәйкестендіру бастамасын қайтадан күн тәртбіне шығарып, парламентке ұсыныс тастады. Араға екі жылдай уақыт салып, әлгі ұсыныс нақты әрекетке ұласты. Яғни, 2023 жылдың 16 наурызында Молдова Республикасының парламенті бүкіл заңдардағы мемлекеттік тіл туралы нормалардың бәрінде «молдова тілі» деген сөздің орнын «румын тілі» деген сөзбен алмастыру туралы шешім қабылдады. Бұл өзгеріс Конституцияға да енгізіліп отыр.

«Бүгін біз тарихи әрі мызғымайтын шындықты жұртқа жария еттік. Молдова Республикасының мемлекеттік тілі – румын тілі. Румын тілінің бәрімізді біріктіргенін, осы елде тұрып, осы жерді сүйетін азаматтардың бәрін айналасына топтастырғанын қалаймын. Біз әлемдегі жырма жеті миллионнан асатын адамдармен бір қатарда румын тілінде сөйлесеміз. Олармен ешқандай аудармашының немесе сөздіктің көмегінсіз түсінісе аламыз», - деп мәлімдеді Молдова президенті.

«Румын тілі» атауына кімдер қарсы

Бельгияда тұратын молдовалық журналист, «Press Club Brussels» мүшесі Янина Козари «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісіне осы өзгеріс туралы пайымын айтқан болатын. Ол «молдова тілі» мен «румын» тілінің» төңірегіндегі пікірталастармен жақсы таныс екенін айтады. Өзгерісті жақтаушылар мен қарсы тараптың арасындағы дау тәуелсіздік алған тұстан бері өзектілігін жоғалтпаған саяси сипаты басым тартыс болды деп есептейді.

«Тоқсаныншы жылдары мен «Жер мен адамдар» газетінде редактор болып жұмыс істедім. Бұл газет ол кезде мажоритарлы болған Аграрлық партияның басылымы еді. Тіл тақырыбында келіп түсетін мақалалар өте көп болатын. Соның бәрін зердемізден өткіздік. Аграрлық партияның журналистері «молдова тілі» деген атаудың қалғанын қолдап сөйлейтін. Ал мен араласатын зиялық қауым негізінен «румын тілі» атауын жақтайтын. Тіпті өздерін румынбыз деп танып, ана тіліміз румын тілі деген ұстаныммен өмір сүретін. 1998 жылы Аграрлық партия сайлауда жеңіліс тапты да, тіл тартысы тоқтағандай болған. Еліміз даму жолына түсіп, халықаралық ұйымдарға ене бастады. Ел Еуропамен интеграция бағытын таңдаған соң молдава тілін жақтаушылар көлеңкеге кетті», - деп еске алады журналист.

Фото: eawfpress.ru

Янина Козари Молдовадағы мемлекет құраушы этнос өкілдерінің көбі өздері «молдовалықпын» деп сезінетінін айтады. Бірақ тілге келгенде «румын тілі» деп атауды жөн көреді.

«Бұған дейін айтқанымдай, зиялы қауымның ішінде өздерін «румын» санайтын топ бар. Елдегі азаматтардың көбі румыниялық төлқұжат рәсімдеп алған. Молдова мектептерінде мемлекеттік тілі румын тілі екені 1992 жылдан бері оқытылып келеді. Молдова Республикасының Ғылым академиясы да мемлекеттік тілді румын тілі деп атайды. Сондықтан 2023 жылдың 16 наурызындағы шешім жұрт санасына әбден орныққан ұғымды ресми бекітіп отыр. Дегенмен мәселенің саяси сипаты сол күйі өзекті боп қалатын сияқты. Коммунистік және социалистік ұстанымдағы оппозиция бұл шешімге қарсы дау айтудан тыйылмай отыр», - дейді сарапшы.

Фото: shutterstock

Янина Козаридің пайымынша, Молдованың басындағы бұл тіл проблемасы іс жүзінде де, заң жүзінде де түпкілікті шешімін тауып отыр. Өзгерісті Молдова тұрғындарының басым бөлігі жаңа белестің басы туралы белгі деп қабылдай бастаған. Молдова Республикасы мен Румынияның біртұтас елге айналу керектігі туралы бастамалар бұрыннан бері көп айтылып келеді. Молдова парламентінің соңғы шешімі сол төңіректегі пікірталасқа май құя түскендей болып отыр.

«Президент партиясының қысқартылған «PAS» (Partidul Acțiune și Solidaritate) деген атауы румын тіліне салса, «қадам-қадаммен» деген мағына білдіреді. Меніңше, қалыптасып отырған геосаяси ахуалда мұндай қадам Молдованың қауіпсіздігіне кепіл бола алады. Бұл екі елдің тілі мен мәдениеті ортақ. Әйтсе де, мұндай маңызды мәселе тек референдум арқылы шешілу керек. Өйткені ондай шешім бүкіл Молдова адамдарының өміріне қатысты», дейді журналист.

Шетелдік сарапшылар бір тілдің айналасындағы даудың ондаған жылға созылып барып шешімін табуын тарихи оқиғалар тізбегімен, төңіректегі елдердің жергілікті халыққа ықпалымен байланыстырып отыр.

Фото: golosameriki.com



Соңғы жаңалықтар