Молдова Парламенті үкіметті отставкаға жіберді

Бұл туралы РБК республиканың жоғарғы заң шығарушы органына сілтеме жасап хабарлады.
Ел үкіметін отставкаға жіберуге Коммунистер партиясынан, Демократиялық партиядан және тәуелсіз парламентшілер арасынан 54 депутат дауыс берді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сенімсіздік көрсетілген республика министрлер кабинеті үш күннің ішінде отставкаға кетуі тиіс.
В.Филаттың үкіметін отставкаға жіберуге 2013 жылғы 28 ақпанда Коммунистер партиясы бастамашы болды. Коммунистер соңғы кезде үкімет сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батты, оның мүшелері криминалдық құрылымдарға тартылды, ал кейбірі қозғалған қылмыстық істер ауқымында айыптылар мәртебесіне ие болды, деп мәлімдеді. Демпартия мен тәуелсіз депутаттар Коммунистер партиясының үкіметті отставкаға кетіру бастамасын қолдады.
В.Филат басқаратын Молдова либерал-демократиялық партиясы (МЛДП) бұдан бұрын партия көшбасшысы өздігінен отставкаға кетпейтінін мәлімдеген болатын, үкімет отставкаға кетсе, либерал-демократтар В.Филаттың кандидатурасын қайтадан премьер қызметіне ұсынбақ. МЛДП парламенттік фракциясының басшысы Валерий Стрелец В.Филат кәсіби адам және премьер лауазымында ол өзінің мандатын лайықты орындады, ал ол ерікті түрде отставкаға кететін болса, онда оның атына соңғы кездері айтылған айыптарды жанама түрде болса да мойындағандық болар еді, деп атап өтті.
В.Филат басқарған қазіргі үкімет коалициялық болып табылады. Ол 2011 жылғы 14 қаңтарда бекітілді. Министрлер кабинетіндегі портфельдер еуропалық ықпалдастық үшін билеуші альянс құру туралы келісімдер ауқымында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес бөлінген.
Молдова Конституциясына сәйкес парламент көпшілік дауыспен (101-дің 51-і) үкіметке сенімсіздік білдіре алады.