Молдовадан келген сарапшы қарағандылық акушер-гинекологтарға тренинг өткізуде
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртау қаласының Көпсалалы ана мен бала орталығында «Тиімді перинаталды күтім» атты оқу семинары өтіп жатыр. Оған өңіріміздің түрлі емханалары мен перзентханаларынан ондаған акушер қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, дәрістерді Кишинев мемлекеттік медицина және фармация университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының медицина ғылымдарының докторы Бологан Ион оқуда. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық сарапшысы, 11 жылдан астам уақыттан бері қазақстандық медициналық ұйымдармен серіктестікте қызмет етуде. Оның айтуынша, елімізде бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан бағдарламалар жақсы нәтижелер беруде.
«Мен қарағандылық дәрігерлердің тәжірибе жинап жатқанына қуаныштымын. Әрқашан өз білімімен бөлісуге дайынмын», - деді дәрістердің бірінде Бологан Ион.
Оқу 5 күнге созылады. Қарағандылық дәрігерлер теориялық біліммен қоса, іс-тәжірибеден өтеді. Тренингтерде ана қауіпсіздігі, жүктілік кездегі жұқпалы аурулар, ауыр босану, ең бастысы - қалыпсыз жағдайларда акушерлер өздерін қалай ұстау керектігіне қатысты тақырыптар қозғалады.
«Жаттықтырушы әр акушер және дәрігермен босану кезінде болуы мүмкін түрлі жағдайларды талқылап, олардан шығу жолдарын көрсетуде. Біз қалыпсыз жағдайлар туындаған жағдайда не істеу керектігін үйрендік»,- дейді Теміртау қаласының Ана мен бала орталығының директоры Сәуле Аманжолова.
Перинаталдық күтім бойынша тренингті Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «Астана» оқу-клиникалық орталығының Қарағандыдағы бөлімшесі ұйымдастыруда. Оқу курсы аяқталған соң барлық тыңдаушыларға сертификаттар табысталады.