«Мона Лиза» картинасын бөлек залға көшіру үшін 500 миллион еуро қажет

«Мона Лиза» картинасын бөлек залға көшіру үшін 500 миллион еуро қажет
Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Леонардо да Винчидің атақты туындысын Лувр музейінің бөлек залына сақтық шараларын сақтай отырып көшіру үшін 500 миллион еуроға жуық қаражат қажет екен.

Euronews хабарлағандай, музейге келушілердің көбі картинаны анық көре алмайтынына шағымданған. Қорғаныс шыны панелінің артында ілулі тұрған картина үлкен залдың ішінде пошта маркасы сияқты әсер қалдыратыны айтылып жатыр.

Луврдың 16 ғасырдағы итальяндық кескіндемелер бойынша бас кураторы Винсент Делевиннің айтуынша, бұл картина авторының идеясына қайшы келеді.

«Леонардо да Винчи картина мен оны көрген адам арасында жеке қарым-қатынас орнатқысы келді», - дейді ол.

Айта кетейік, қауіпсіздік талабының қатаң болуы соншалық, музей келушілеріне картинаны көру үшін небары 30 секунд ғана уақыт беріледі. Ал бұл уақытта селфиге түсуге асыққан адамдар бір-біріне ыңғайсыздық тудырып, туындыдан ләззат алуға кедергі келтіреді екен. Сондықтан да Лувр дирекциясы портретті қайта ілу керек деген шешім қабылдады.

Мұражай директоры Лоренс де Карстың айтуынша, картинаны көшіру оңай шаруа емес. Ол үшін Лувр музейіне жаңа кіреберіс ашып, жертөледегі екі залды реттеу қажет. Сөйтіп, «Мона Лиза» туындысы жеке залға орналастырылып, келушілердің кезегін азайтуға жол ашылмақ.

Осылайша, тиісті жөндеу жұмыстарына 500 миллион еуро қажет болып отыр. Бұл бастаманы Францияның Мәдениет министрлігі қолдады. Енді Қаржы министрінің шешімін күту ғана қалды.

Соңғы жаңалықтар