Моңғол Алтай жотасының тау сілемдерінен ежелгі сақ дәуірінің жазу үлгісі табылды

АЛМАТЫ. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сақ жазуы байырғы түрік бітіг (руна) жазуының алғашқы үлгісі екені анықталды. Бұл «Мыңжылдық көкжиек» бағдарламасы бойынша түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының Моңғолия Республикасына жасаған ғылыми іс-сапары кезінде анықталды.

Моңғол Алтай жотасының тау сілемдерінен ежелгі сақ дәуірінің жазу үлгісі табылды

«Моңғол Алтай жотасының тау сілемдерінен ежелгі сақ (скиф) дәуірінің 3 дана жазу үлгісін тауып әкелдік. Бұл артефакт - әлемде бірінші мәрте табылып отырған құндылық. Бұған дейін Сақ, Ғұндардың жазуы болғаны туралы тарихи құжаттарда ақпарат сақталғанымен қандай жазу екені анықталмаған еді. Енді міне байырғы түрік бітіг (руна) жазуының алғашқы үлгісі екені анықталып, Сақ (Скиф) дәуіріндегі жалғасқан рухани сабақтастық Көк түріктерге жалғасқаны дәлелденіп отыр», - дейді Еуразия ұлттық университтінің профессоры Қ.Сартқожаұлы. Ғалымның айтуынша, 76 күнге созылған бұл сапардың мақсаты - моңғол мұрағаттарынан қазақтың тарихына қатысты деректеме құжаттарды қолға түсіру, көшірмелерін жасап жинақтау еді. Нәтижесінде Моңғолия Республикасының Орталық мұрағаты, Тарих институтының мұрағаты және Баян-Өлгей аймағының мұрағатынан көптеген құндылығы жоғары, деректерге бай 320 беттік тарихи құжаттардың көшірмелері жасалып әкелінді. Оның ішінде ерекше атап көрсетер құндылықтар мыналар: Моңғолия Орталық архивінен Абылай ханға байланысты 1756 жылғы тарихи құжат (30 бет), Моңғолияда өмір сүрген қазақтар 1911-1914 жылдар аралығында Моңғолия автономиясының қол астына кіру үшін берген арыздары, Боғда хан тарапынан қабылдаған құжаттар (10 бет), Шығыс Түркістанның Алтай жотасының оңтүстік бетінде өмір сүрген қазақтардың 1836 жылы бекіткен «Қазақ заңының» толық нұсқасы. Сондай-ақ ежелгі Хунну (Ғұн), Моңғол империясының тарихына байланысты 20-ға жуық кітаптар алып келдік. Моңғол - Француз, Моңғол - Корей, Моңғол - Герман, Моңғол -Ресей археологтарының жүргізген Хунну (Ғұн) көмбелерінің қазба жұмысына байланысты баспа бетін көрген ғылыми есептерін алып келген. Ал далалық экспедиция кезінде сақ жазу үлгісінен бөлек, түрік дүниесінің ең көне жәдігерлерінің бірі, әрі бірегейі деп бағаланған біздің жыл санаудан бұрынғы 30-25 мың жыл бұрын сызылған (ежелгі тас дәуірі) Хойт-Цэнхэр үңгірінің суреттері фотоға түсірілді. Қазір Моңғол Алтай тауларынан түсірілген 1000 дана петроглифтердің де ғылыми сипаттамасы жасалынып жатыр. Мұндағы суреттер Сақ, Ғұн, Түрік дәуірінің сурет өнерінің жетістігін, шеберлігін көрсетумен қатар сол дәуірде өмір сүрген ежелгі түріктердің дүниетанымы, өмір сүру ритмі, шаруашылығы, дәстүр-салтынан нақты деректер береді. Сондай-ақ бұған дейін табылып, толық зерттелмеген Яман-ус, Ханан-хад сияқты 12 жердегі байырғы түрік бітіг (руна) жазбалары да қайта қаралып фотоға түсірілген.