Моңғол әншісі Сарантуяа Қазақстанда жеке концерт береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның еңбек сіңірген әншісі және «XX ғасырдың үздік әншісі атағының» иегері Батмөнхийн Сарантуяа Қазақстанда жеке концерт береді, деп хабарлайды МОНЦАМЭ.
«Мен бақыттымын» деген атпен қойылатын эстрада жұлдызының жеке концерті 12 мамырда Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.
Бұл туралы әншінің продюсерлері С.Тика мен М.Нұрбақыт хабарлады. Әншінің бұл кеші - қазақ көрермендеріне арналған екінші концерт. Алғаш рет моңғол әншісі 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында гострольдік сапармен келген болатын. Бұл жолы ол өзінің «Рэндом» тобымен бірге өнер көрсетеді.
Еске сала келсек, моңғол әншісі Батмөнхийн Сарантуяа 1970 жылы 20 сәуірде Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. 80-жылдардың соңынан бері ол елдің эстрада саласында жетекші орындарда. Б.Сарантуяа - «Азия даусы» байқауының гран-при иегері, ол моңғол, орыс және ағылшын тілдерінде ән шырқайды.