Моңғол динозавры Нью-Йоркте миллион долларға сатылды
АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Алдын ала болжам бойынша Моңғолиядан табылған жақсы сақталған динозаврдың қаңқасы Нью-Йоркте Heritage Auctions аукционында 1,05 миллион долларға белгісіз жеке тұлғаға сатылды, деп хабарлады Би-Би-Си.
Tyrannosaurus Bataar динозавры қазіргі Моңғолия мен Қытайдың аумағында кейінгі бор дәуірінде шамамен 70-65 млн. жыл бұрын өмір сүрген. Диноаврдың бойы 2,4 метрге жуық, ұзындығы 7,3 метрге жетеді.
Мұражайларға қойылған қаңқалар 50 пайыздай сақталған болса, бұның 75 пайызы сақталған.
Алайда сатып алушы бұл олжасын барлық заңнамалық мәселелер шешілгенше ала алмайды. Моңғолия Гоби шөлінен табылған қаңқаны мародерлер алып кеткен деген уәж айтып, қайтаруды талап етіп отыр. Ал сатуға шығарған Heritage Auctions үйі оның заңды жолмен әкелінгенін алға тартуда.