Моңғол империясы кезіндегі монеталарды АҚШ-қа жөнелтпек болған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Жетісу» кеден бекетінің мамандары Алматы қаласы әуежайындағы халықаралық пошта жөнелтілімдерін бақылау учаскесінде Қазақстаннан АҚШ-қа көне монеталарды заңсыз әкетуге жол бермеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Моңғол империясы кезіндегі монеталарды АҚШ-қа жөнелтпек болған

«Құжаттарға арналған қаптама қапшығының сыртына монеталарды жасыру фактісін кеден қызметкерлері қондырғының рентгенографиясын пайдаланып, сканерлеу барысында анықтады. Бұл монеталар V-XIII ғасырлар аралығында Орта Азия аумағында жасалған және тарихи құндылыққа ие», - деп жазды Мемлекеттік кірістер комитетінен.

Департамент басшысының орынбасары Дәурен Мұстафиннің айтуынша, табылған заттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елден әкету кезінде міндетті декларациялауға жататын және уәкілетті органның рұқсаты болған жағдайда ғана мүмкін болатын мәдени-тарихи құндылықтар санатына жатады.

Қазіргі уақытта анықталған факт бойынша алынған заттар мен материалдар сарапшыларға берілді, олар қорытындыдан кейін монеталарды әкетуге әрекет жасаған адамға қатысты тиісті процестік шешім қабылдайтын болады.

Айта кету керек, соңғы уақытта тыйым салынған тауарларды контрабандалық жолмен әкелу үшін пошта жөнелтілімдерінің арнасы көбірек қолданылуда.

Тек 2022 жылы Алматы қаласының әуежайында айналымға тыйым салынған тауарларды, оның ішінде есірткі мен психотроптық заттарды, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді кедендік шекара арқылы өткізудің ондаған жағдайлары тоқтатылды.


Фото: kgd.gov.kz