Моңғолдың малы жайылымдарға сыймай жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Моңғолия халқының саны 3,2 млн адамды құрайды. Ал жалғыз жылқы малының өзі 4 млн-ға жақындады. Бұл барлық мал санының тек 5,9 проценті ғана, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Моңғолдың малы жайылымдарға сыймай жатыр

Ресми мәліметке сәйкес, Моңғолияда қойдың саны 30 млн-нан асады. Ешкі басы 27,3 млн болса, сиыр мен қодас 4,4 млн басқа тең. Моңғол халқының үштен бірі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді.

Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қалыбек Қобландиннің айтуынша, бүгінде мал басының көптігіне байланысты жайылым жерлерінің тапшылығы туындап отыр. Халық бос жайылымдарды таппай жүр. «Қазіргі кезде мал басының жалпы саны 66,2 млн-ды құрайды. Биыл көктемде аталған көрсеткіш 70 млн-нан асады деген болжам бар. Сондықтан осы елде туындаған басты мәселе - ет өнімдерін экспортқа шығару. Бірақ малды асылдандыру және санитарлық-эпидемиологиялақ салада біраз шаруаны атқару қажет. Соңғы кездері территорияның үлкен болғанына қарамастан, Моңғолияда жайылым жерлерінің тапшылығы туындай бастады», - деді Қ.Қобландин Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
null 

Айта кетейік, Моңғолияның территориясы 1 566 000 км² құрайды. Ал Қазақстан одан екі есеге үлкен - 2 725 000 км². Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың 1 наурызда елімізде жылқының саны 2,3 млн бас болды. Ірі қара мал 7,1 млн-ды құраса, қойдың саны 19 млн-нан асты.
null