Моңғолия 2027 жылғы мемлекеттік бюджетін бекітті
АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия бюджетінің кірісі 39,2 триллион төгрөг болады, деп хабарлайды Монцамэ.
Бүгін Мемлекеттік Ұлы Хуралдың жалпы отырысында 2027 жылға арналған мемлекеттік бюджет бекітілді. Бюджет кірісі 39,2 триллион төгрөг, ал шығысы 41,5 триллион төгрөг болады.
Мемлекеттік Ұлы Хурал төрағасы Сандагийн Бямбацогт бюджетті әзірлеу кезінде азаматтардың қолындағы табысын арттыруға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Сонымен қатар ол Үкімет бекітілген бюджетті тиімді орындауға, бағаның өсуін тежеуге және халықтың нақты табысын сақтауға күш салуы керегін айтты.
Төрағаның сөзінше, бюджеттің орындалуы жиынтық есеппен алғанда шамамен 2 миллион адамға, сондай-ақ 220 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі мен кәсіпкерге тікелей әсер етеді.
2027 жылға арналған бюджетті дауыс беруге қатысқан 110 депутаттың 82,7 пайызы қолдап, қабылдады.
Осыған дейін Моңғолияда 36,1 мың шетелдік азамат жұмыс істейтінін жазғанбыз.