2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Моңғолия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне кандидатурасын ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ниетті, деп хабарлайды Монцамэ.

Моңғолия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне кандидатурасын ұсынды
Фото: Монцамэ

БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йоркте өтіп жатқан 81-сессиясының жалпы пікірталасына қатысып жатқан Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Моңғолияның 2048–2049 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауға өз кандидатурасын ұсынатынын ресми түрде мәлімдеді.

Моңғолия басшысы жалпы пікірталас барысында елдің халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымы, сыртқы саясаттағы мақсаттары мен басым бағыттары, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы сөз сөйледі.

— Моңғолия БҰҰ реформасының өзегінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалау болуы керек деп санайды. Осыған байланысты біз Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты және тұрақты емес мүшелерінің санын арттыру, дамушы елдердің тиісті деңгейде өкілдік етуін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету қажеттігін қолдайтын принципті ұстанамыз, — деді Ухнаагийн Хүрэлсүх.

Моңғолия — осы уақытқа дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланбаған 58 елдің бірі.

— Біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына белсенді қатысып, халықаралық қоғамдастық алдында тұрған проблемалар, сын-қатерлер мен қиындықтарды бірлесіп шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Осыған байланысты Моңғолияның 2048–2049 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауға өз кандидатурасын ұсынатынын ресми түрде мәлімдеймін, — деді Моңғолия президенті.

Бұған дейін хабарланғандай, Моңғолияда мемлекеттік кәсіпорындар саны 30%-ға қысқарды.