Моңғолия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан-Моңғолия қатынастары тарихында алғашқы рет Моңғолия Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгтің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтті.

Моңғолия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтті

Моңғолия министрінің аталмыш сапар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 6-шы отырысына қатысу шеңберінде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында Моңғолия сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминмен, ҚР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушысы Ақан Рахметулинмен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік мекемелер және ұйымдардың басшыларымен кездесті.

Аталған кездесулердің барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ тараптардың БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ және басқа да өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастығы талқыланды.

СІМ-дегі кездесуде тараптар биылғы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымының оң динамикасы аталып өтті, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмысын күшейтуге ниет білдірді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың және ғылыми бағдарламалардың маңыздылығы атап өтілді.

Өз кезегінде, Б. Батцэцэег моңғол тарапының ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы бірлескен іс-қимылды кеңейтуге дайындығын білдірді. Тараптар Моңғолиядағы қазақ диаспорасы екіжақты ынтымақтастықтың дамуына оң серпін тигізетін «жанды көпір» болып табылатынын атап өтті.

Сапар барысында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында 2021-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.