Моңғолияда апта бойғы жаңбырдың соңы қар мен боранға ұласты
МОҢҒОЛИЯ. ҚазАқпарат - Бірнеше күн бұрын ғана тоқтаусыз жауған жаңбырдан зардап шеккен Моңғолияда қар жауып, боран соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аsiarussia.ru сайтына сілтеме жасап.
Қазір жаз айының қызған шағы. Бірақ бүгінде Моңғолиядағы ауа райын болжап айту қиынға соғып отыр. Мәселен, өткен апта бойы Гоби-алтай аймағының Чандман сомонында тоқтаусыз жаңбыр жауған болатын. Ал демалыс күні сомонда қар жауып, боран соқты.
Сомон Моңғолияның оңтүстік-батысында, көрші Баянхонгор аймағымен шекарада орналасқан. Аумағы 4 629 шаршы шақырым. Ауа райы күрт құбылмалы. Қаңтар айындағы орташа температура -18-20 градус, шілдеді +20 градус.
Сомонның орталығы - Тал-шанд кенті. Ол ел астанасы - Ұланбатырдан 970 шақырым қашықтықта орналасқан.
Еске салайық, 18 шілде күні Баян-Өлгей аймағында апта бойы жауған нөсер салдарынан су басқан үйлердің саны 530-ға жетті. Баян-Өлгей қазақтар көп қоныстанған аймақ болып табылады.
Монцамэ агенттігінің мәліметінше, 530 үйде тұратын 2512 адам балабақшалар мен мектептердің ғимараттарына орналастырылды. Көптеген отбасылардың үйлері тұруға жарамсыз болып қалды.