Моңғолияда аусылға қарсы алғашқы отандық вакцина қарашада шығарылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияның «Биокомбинат» мемлекеттік кәсіпорны аусылға қарсы вакцинаның алғашқы партиясын қараша айына дейін шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Монцамэ.

Моңғолияда аусылға қарсы алғашқы отандық вакцина қарашада шығарылмақ
Фото: Монцамэ

Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрі Цагаанхуугийн Идэрбат «Биокомбинат» кәсіпорнының атқарушы директоры міндетін атқарушы Б.Бямбасайханмен және өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Б.Дуламсүрэнмен кездесті.

Министр кәсіпорын жұмысын жандандыруды, басқару жүйесін оңтайландыруды және ел ішінде вакцина өндіру көлемін арттыруды тапсырды.

Салалық ведомство жанындағы жұмыс тобы Ресей мен Қытайдың жетекші зертханаларымен өзара байланыс орнатқан. Вакцинаның алғашқы партиясын қараша айына дейін шығару жоспарланып отыр. Ал далалық сынақтарды осы айда өткізу көзделген.

«Биокомбинат» кәсіпорны 1923 жылы құрылған. Ал 1973 жылы Мажарстанның техникалық-экономикалық қолдауымен көпсалалы өндірістік кешен болып қайта құрылды.

Кәсіпорын құрамында төрт бөлімше мен 15 цех бар. Мұнда 198 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жануарларға арналған вакциналар мен диагностикалық препараттарды қоса алғанда, 46 түрлі өнім шығарады.

Жыл сайын кәсіпорында 135 мың литр сұйық вакцина және 31 млн доза лиофилизацияланған вакцина өндіріледі.

Осыған дейін Моңғолияда мемлекеттік кәсіпорындар саны 30%-ға қысқарғанын жазғанбыз.