Монғолияда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара өтті
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат. Қазақстанның Монғолиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай 8 желтоқсанда Ұлан-Батыр қаласындағы беделді «Шыңғыс хан» қонақүйінің «Хан» залында салтанатты қабылдау өткізді,
деп хабарлады ҚР Монғолиядағы Елшілігінен.
Іс-шараға Монғолияның Ұлы Мемлекеттік Хұралының депутаттары, орталық атқарушы органдардың басшылары, жергілікті іскерлер, зиялы қауым, Монғолияда тіркелген дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар және алдыңғы қатарлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты (барлығы 250-ден астам адам).
Қабылдаудың монғол тарапының бас қонағы, Монғолияның Парламенті Спикерінің орынбасары Гаваагийн Батхуу өз сөзінде қазіргі таңдағы Қазақстан-Монғолия қатынастары жаңа жоғары даму сатысына көтерілгенін айта келе, биылғы 1-2 желтоқсанда өзі қатысқан Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің жұмысын жоғары бағалап, қабылданған шешімдерге ризашылығын білдірді.
Сонымен бірге, Тәуелсіздік күніне арналған қабылдауға аталмыш елдің экс-президенті Намбарын Энхбаяр (2005-2009 ж.ж.) қатысып, құрмет көрсетті.
Жиналған қонақтар Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері туралы деректі фильм, ЕҚЫҰ Саммиті, 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін қысқы Азия ойындары туралы бейне роликтерді тамашалады. Осыған қоса, іс-шарада қазақ ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі мен ЕҚЫҰ Саммиті тақырыбына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың монғол тіліне аударылған «Қазақстандық жол» мен «Еуразия жүрегінде» кітаптары таратылып, Елбасымыздың 2010 жылғы халқына Жолдауының негізгі қағидалары туралы түсініктемелер берілді.
Қатысушылар журналисттерге берген сұхбаттарында осы ұйымдастырылған іс-шараның екі бауырлас елдің арасындағы достастық, саяси-әлеуметтік және сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды, нәтижелі дамуына үлкен ықпал ететіндігін баса айтты.
Аталған іс-шара елдің бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жария етіліп, 12 желтоқсанда Монғолияның барлық аумағына тарайтын «MNB» ұлттық телеарнасында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған бағдарлама көрсетіледі.