Моңғолияда мерекелік шеруге 1 мыңнан аса егіз қатысты
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлан-Батырдың орталық алаңында Моңғолияның егіздер қауымдастығының 35 жылдығына арналған мерекелік шеру өтті, деп хабарлайды Монцамэ.

Моңғолиядағы алғашқы «Егіздер күні» 1990 жылы 1 мамырда «Қос әуен» деген атпен атап өтілді, сол кезде шеруге 57 егіз қатысқан еді.

2025 жылғы шеруге Хэнтий, Дундговь және Дорноговь сияқты сегіз аймақтан 1000-нан астам егіз қатысты. Мысалы, олардың арасында Дундговь аймағынан келген егіздер де болды: Моңғолиядағы алғашқы үшемдер және елдің екі миллионыншы азаматтары атанған егіздер, сондай-ақ олардың егіз балалары.

2006 жылдан бері шеруге атсалысып келе жатқан үшемдер — Д. Цэрмаа, Д. Дэнсмаа және Д. Гунсмаа 1950 жылы 1 тамызда Дундговь аймағының Дэлгэрцогт ауылында дүниеге келген. МХРП Бас хатшысы Юмжаагийн Цэдэнбалдың оларды ауруханадан үйлеріне жеткізгенін еске алған үшемдер өз сезімдерін бөлісті.

— Мерекеде кішкентай егіздерді көріп, біз қатты толқыдық. Үшеуміз де көпбалалы ана болдық. Біздің отбасымызда біз дүниеге келгенге дейін егіздер болмаған, бірақ қазір немерелеріміз бен шөберелеріміз осы сирек ерекшелікпен дүниеге келіп жатыр. Моңғолияның барлық егізіне мереке құтты болсын! — деді олар.
Тув аймағының тұрғыны Г. Мунхцэцэг 2014 жылы үшем дүниеге әкелгенін айтты.

— Бұлар үшем екенін білгенде, қорқып, таңғалып, сонымен қоса қатты қуандым. Үшем ұлдардың екі әпкесі бар. Олар туған кезде әпкелері 2 және 4 жаста болды. Бес кішкентай баланы тәрбиелеу оңай болған жоқ, бірақ отбасының қолдауымен оларды жақсы адам етіп өсіруге тырысамыз, — деді Мунхцэцэг.
Тув аймағындағы мамандандырылған спорт мектебінің 5-сынып оқушылары А. Уудамзаяа, А. Удамзаяа және А. Уужимзаяа достары олардың қалай ажырататынын айтып берді.
— Адамдар бізге қарап: «Қандай әдемі!» дейді. Бізді бір-бірімізден оңай ажыратады. Достарымыз бізді мінезімізге, қызығушылықтарымызға және бетіміздегі меңдерге қарап ажырата алатынын айтады. Егіздер шеруіне алғаш рет келіп, әжелер мен аталарды, аға-әпкелерді және бір жастағы егіз балаларды көргенде, біз үшемдердің көптігіне таңғалдық, — деп бөлісті олар.
Үшемдердің айтуынша, олар кәсіпкер, дәрігер және аспаз болуды армандайды.

Ұлттық статистика комитетінің мәліметтері бойынша, Моңғолияда 21 277 егіз бар.

Осыған дейін Моңғолияда 2026 жыл білім беруді қолдау жылы деп жарияланғанын жазғанбыз.