Моңғолияда онкологиялық науқастарға иммундық терапия қолжетімді болмақ

онкология
Фото: montsame.mn

Моңғолия денсаулық сақтау министрлігі, онкологияны ұлттық медициналық зерттеу орталығы (ОҰМЗО) мен швейцариялық «F.Hoffmann-La Roche» компаниясы онкологиялық ауруларды жүйелі емдеудің ең жаңа технологияларының бірі - қатерлі ісікке қарсы иммундау терапиясын бастау туралы Меморандумға қол қойды, деп жазады montsame.mn агенттігі.

Моңғолия онкологиялық ауруларға, әсіресе бауырдың қатерлі ісігіне шалдыққан немесе соның салдарынан қайтыс болған адамдар саны бойынша Азияда ғана емес, әлемде алдыңғы қатарда тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2022 жылы онкологиялық аурулардан 4548 адам қаза тапты, оның 2635-і ер адам болса, 1913–і - әйел.

Үш жылдан бері Моңғолия “РАСЕ немесе барлық дәрі науқасқа бір бағамен” деп аталатын швейцариялық бағдарламаға қатысып келеді. Дозасына қарай бауыр қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар 8000-нан 9392 доллар немесе 20-32 миллион төгірік (Моңғолияның ұлттық валютасы) тұратын бір инъекцияны алады. Бірақ осы бағдарлама аясында бұл дәрілер Моңғолияға шамамен 1000 долларға жеткізіледі.

Осыған байланысты ОҰМЗО директоры Н.Эрдэнэхуу былай деді: “Иммундау терапиясы азаматтарға қаржылай салмақ салмайтындай тәсілмен енгізіліп жатқанына қуаныштымын. Емдеу бағасы жоғары болғандықтан медициналық сақтандыруды нарық бағасымен алу мүмкін болмады. Сол себепті РАСЕ бағдарламасына қосылу туралы шешім қабылданды. Оның ішінде бір науқасқа 8 миллион төгірік тұратын иммундау терапиясы қолжетімді болмақ. Иммундау терапиясының басты ерекшелігі - адам ағзасының иммундық жүйесі өзі белсенді болып, ісікті дәрілермен емес, адамның иммундық жасушаларымен жояды. Жоба үш жылға созылады. Алғашқы қырық науқас ОҰМЗО қаражаты есебінен ем алады. Алғашқы науқастарға ем оң нәтиже көрсетіп жатса, емдеу тәсілі басқаларға да қолжетімді болады. Азаматтарда иммундық терапияны “Денсаулық қорындағы жаңа “Иммундау терапиясы пакеті” аясында сақтандыру арқылы алу мүмкіндігі болады".

Соңғы жаңалықтар