Моңғолияда өтетін таэквондодан Азия чемпионатында 1300-ден аса спортшы бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM — 19 мамыр күні Ұланбатыр қаласында Моңғолия Президентінің қолдауымен таэквондодан Азия чемпионаты басталады, деп хабарлайды Монцамэ.
Жарысқа Азияның 43 елінен 1300-ден астам үздік спортшы қатысады. Олар пумсэ, жекпе-жек (кёруги) және пара-таэквондо бойынша сынға түседі. Чемпионаттың ерекшелігі — жүлдегерлерді анықтап қана қоймай, 2026 жылдың қыркүйегінде (Жапония) Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына жолдама беруінде. Әр салмақ дәрежесінде бірінші орыннан жетінші орынға дейін ие болған спортшылар Азия ойындарына қатысу лицензиясын алады.
Азия чемпионатына қатысу үшін Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президенті Чоу Чон Вон Моңғолияға барады. Сонымен қатар, ашылу салтанатында America’s Got Talent жобасының «Алтын батырма» жүлдесінің иегері атанған команда толық құрамда өнер көрсетеді.
Тоғызыншы пумсэ чемпионаты, 27-ші кёруги турнирі және 11-ші пара-таэквондо чемпионаты бір апта бойы M Bank Arena аренасында өтеді.
Таэквондодан Азия чемпионаты екі жылда бір рет ұйымдастырылады және олимпиадалық рейтингтік ұпайларды ең көп беретін маңызды жарыстардың бірі саналады.
Моңғолия Президентінің қолдауымен өтетін таэквондодан Азия чемпионаты Premier Sports Network арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске сала кетейік, моңғолиялық спортшылар ересектер арасындағы таэквондодан Азия чемпионаттарында 23 медаль жеңіп алған.
Бұдан бұрын Моңғолия МЭФ-2026 форумын өткізуден бас тартқанын жазғанбыз.