Моңғолияда жолаушы пойызының аударылуынан 50-ден астам адам зардап шекті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның оңтүстік-шығысында жолаушылар пойызының рельстен шығып кетуі салдарынан зардап шеккендер саны 56-ға жетті, соның бесеуі хал үстінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат МОНЦАМЭ агенттігіне сілтеме жасап.
Пойызда барлығы 329 жолаушы болған. Соның 146-сына дәрігер көмегі көрсетілген. Әзірге адам шығыны жоқ.
Оқыс оқиға 12 тамыз күні Дорноговь аймағының Айраг сомоны аумағында болған.
Толассыз жауған нөсер пойыздың рельстен шығып кетуіне әкеп соқтырды.
Қазіргі кезде апат салдарын жою және теміржол инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған 500 адам және 100 техника тартылған.
Қалпына келтіру жұмыстарына ресейлік мамандар да шақырылды.
Ұланбатырдан Сайншанд қаласына бара жатқан №286 пойыз рельстен шығып, аударылған туралы кеше хабарланған болатын.