Моңғолиядағы дала өрті Қытай шекарасына жақындады
АСТАНА. KAZINFORM – Моңғолия аумағында тұтанған дала өрті Қытай шекарасына қарай таралып жатыр. Тілсіз жаудың ел аумағына өтуіне жол бермеу үшін Қытайдың солтүстігіне 2 мыңнан астам адам жұмылдырылды, деп хабарлайды Синьхуа.
Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт Моңғолия аумағында басталып, Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданымен шекаралас аймаққа қарай жылжып келеді.
Осыған байланысты Қытай тарапы шекара маңындағы аумақтарда өрттің таралуын тоқтату жұмыстарын күшейткен.
– 11 қазан күні сағат 21:00-дегі жағдай бойынша өрт Қытай аумағына өткен жоқ. Қазір жалынның таралуына жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлады жергілікті билік өкілдері.
Өртті оқшаулау шараларына 2 мыңнан астам адам тартылған.
Әзірге өрт шарпыған аумақтың көлемі мен оның шығу себебі туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Грекияның Лерос және Эвбея аралдарында, сондай-ақ Кардица округінде орман өрттері тұтанып, тілсіз жауды сөндіруге жерүсті қызметтері мен авиация жұмылдырылған болатын.