Моңғолиядағы тойда бір бапкердің 4 аты қатарынан жүлделі орынға ие болды - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолиядағы тойда бір бапкердің 4 аты қатарынан жүлделі орынға ие болды - шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: janadauir.com

Моңғолиядағы тойда бір бапкердің 4 аты қатарынан жүлделі орынға ие болды – «Janadauir.com»

Фото: janadauir.com
Көшпенді халықтардың, соның ішінде қазақ халқының – жүйрік атқа деген көзқарасы ерекше. Тіпті аймағымызда да жеті атасынан бері жүйрік баптап, құс салатын өнерлі азаматтар бар. Солардың бірі – Улаанхус сұмын тумасы, белді кәсіпкер, ат бапкері Сапар Байынұлы. Бұл азамат осы жолғы тойға тай жарысынан бастап айғыр жарысына дейін 7 ат қосып, 2 аты бірінші келді. Анығырақ айтқанда жуан ат және құнан жарысынан бірінші, тай және бесті ат жарысынан үшінші болып көмбеге жеткен, деп хабарлайды моңғолиялық «Janadauir.com». Сонда бәйгеге қосылған аттарының ішінен 4 аты жүлдегер атанған.

Сапар Байынұлының ең бірінші ұстанымы – ат бапкері жүйрік атты тани білу керек, содан кейін баптаудың маңызы ерекше. Себебі ат пен спортшының бабы бірдей.

Айта кету керек, бұл жерде «той» деп отырғаны Моңғолияда 11 шілдеден басталатын дәстүрлі «Наадам» мерекесі. Аталған мереке жыл сайын елдің барлық жерінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мұнда ат жарысы, ұлттық күрес және садақ ату арқылы тойланады.

Фото: janadauir.com
Ат бапкері Сапардың айтуынша, оның аталары ат баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Өзі де бала күнінен асау үйретіп, жүйрік мінген қыр баласы екен. Ат бапкері қыс бойы 24 жылқыны қолға ұстайды. Олар үлкен бір команда болып жылдың 12 айында ат баптауға көңіл бөлетін көрінеді.

Ат бапкері Сапар Байынұлының алдағы мақсаты – жылқы тұяғын сапаландыру екен.

Қазақстан арқылы өтетін Қытай-Еуропа пойыздарының саны 61 есе өсті – «Халық» газеті

«Қазақстанның көк тысты кітабы - Қазақстанның дамуы туралы есепте (2022)» Қазақстан Қытай-Еуропа пойыздары үшін маңызды торап болып саналатын және Қазақстан арқылы өтетін пойыздар саны жылдан жылға артып келеді. 2013 жылғы 77-ден 2020 жылы 4800-ге дейін жетіп, 61 есе көтерілгені аталып өтті, деп хабарлайды қытайдың people.cn ақпараттық порталы.

Фото: kaz.people.cn
2021 жылғы жағдай бойынша Қытай-Еуропа пойыздарының 90%-дан астамы Қазақстан арқылы өтеді.

Қытайлық басылымның дерегінше, 2021 жылы Қытайдың Қазақстанмен экономикалық, сауда және технологиялық ынтымақтастығы жаңа энергетика, автомобиль жасау және инженерлік инфрақұрылым құрылысында, сондай-ақ электрондық коммерцияның цифрлық платформаларды құруда және электрондық коммерция саласындағы мамандарды даярлауда тың дамуға жетті. Сонымен қатар, Қытай күн және жел энергиясы сияқты жаңартылатын ресурстарды пайдалану технологияларын әзірлеуде, пайдалануда және басқаруда айқын артықшылықтарға ие екен.

«Бұл «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдердің экономикалық өзгерісі және энергия тапшылығын шешу мен жаңа энергетикалық технологияларды қолдану үшін қуатты қолдау көрсетеді», деп жазды «Халық» газеті.

«Мәжілістің төрінен Моңғолияда туып өскен үш азамат орын алды» – «Kaznews»

Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында Моңғолия қазақтарының IV кіші құрылтайы өткен болатын. Сол алқалы жиында Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау сахна төрінен өзінің лебізін жолдаған, деп хабарлайды «Kaznews» ақпараттық порталы.

Фото: kaznews.mn

Аталған жиналыста Нұргүл Тау өзінің туған жеріне келіп өте толқып тұрғанын, Өлгей қаласында туып-өсіп, 17 жасына дейін өмір сүргенін тілге тиек еткен.

Мәжіліс депутаты азғантай ғана қазақтың ішінен шығып, Қазақстанға барып оқып, білім алып, сол жерде қызмет атқарып, осындай жетістікке жетіп жатқанына шынымен қуанышты екенін де жасырмайды.

Ол білім саласында 17 жылдай қызмет атқарған. Сонымен қатар, Алматы қалалық білім басқармасында бөлім басшысы болып қызмет еткен. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасымен Англияда магистрлік оқыпты. Америкада тағылымдамадан өткен. Нұргүл Тау білімін, еңбегін бағалап Мәжіліс депутаты болуға ықпал еткен «Республика» партиясына да алғысы шексіз екенін айтады.

«Сонымен қатар, осы Мәжілістің төрінен Моңғолияда туып өскен үш азамат орын алды. Бұл өте үлкен жетістік. Әрқашан екі елдің ортасында көпір болуға, екі елдің достығын нығайтуға және де осы қазақ ағайындарымыздың қандай да бір мәселесіне қол ұшымызды беруге әрқашан дайынбыз», дейді ҚР Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау.

Қазақстандық компания Наманганда құны 800 миллион доллар болатын жобаны жүзеге асырмақ - «ӨзА»

Фото: uza.uz

Наманган облысының әкімі Шавкат Абдураззоқов Қазақстанның «ASK group» компаниясы басшысы Марат Тәліпбаевты қабылдады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, кездесуде өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланып, күн фотоэлектр станциясының құрылысы жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осыған орай, «ASK group» Наманганда 2023-2025 жылдары жалпы құны 800 миллион доллар болатын жобаны жүзеге асырмақ.

Қазақстанда «І Халықаралық әскери музыкалық фестивалі» өтті – «TRT»

ТР Ұлттық Қорғаныс министрлігінің (ҰҚМ) Түрік әскери оркестрі «Мехтеран» Қазақстанда 7 елдің әскери оркестрлерімен концерт қойды.

Фото: .trt.net.tr
Қазақстан Қорғаныс министрлігі тарапынан бас қаланың 25 жылдығына арналған «Астана – мәдениет керуені» әскери оркестрлерінің І Халықаралық әскери музыкалық фестивалі жабылу концертімен аяқталды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабалған.

Айта кетейік, «Барыс Арена» мұз сарайында өткен фестивальдің жабылу концертіне Қазақстан Премерь-Министрі Әлихан Смайылов және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысты.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Жапония және Үндістанның әскери музыкалық оркестрлері сахнаға шыққан концертті жеті мыңнан астам көрермен тамашалаған.

Концертте өз елдеріне тән әскери форма киген оркестрлер репертуарларындағы әскери әнұрандармен қатар эстрада және джаз шығармаларын да орындап берді.

Қырғыз Президенті «Наадам» мерекесін тамашалады – «Kaznews»

Фото: kaznews.mn

11 шілдеде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров пен бірінші ханым Айгүл Жапарова Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Ұланбатырдағы Ұлттық стадионда өткен ұлттық мейрамның ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысты, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.

Фото: kaznews.mn

Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх құттықтау сөз сөйлеп, Тоғыз ақ туға тағзым етіп, «Наадам» мерекесінің басталғанын ресми түрде жариялады.

Фото: kaznews.mn

Айта кетейік, «Наадам» жыл сайын Моңғолияның барлық жерінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мұнда ат жарысы, ұлттық күрес және садақ ату арқылы тойланады.

Иран мен Қазақстан арасында тұрақты контейнерлік кеме тасымалдау желісі іске қосылды – «Parstoday»

Иранның Каспиан порты мен Қазақстанның Ақтау порты арасында тұрақты контейнерлік кеме тасымалдау желісі іске қосылды.

Иранның солтүстігіндегі Анзали еркін аймағы ұйымының порт істері және Каспий аймағы бойынша орынбасары экспорт пен контейнерлік транзиттің дамуына сәйкес Каспиан және Ақтау порттары арасындағы тұрақты контейнерлік тасымалдау желісінің іске қосылуы туралы мәлім етті.

Фото: parstoday.ir

Бұл туралы осы аптада ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

«Parstoday» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін Қытай-Қазақстан-Иран халықаралық дәлізінен жүктерді көбірек тарту, екі елдің саудагерлері мен кәсіпкерлеріне порт қызметтерін көрсетуге жұмыстар басталған болатын. Сонымен қатар, Каспий порты мен Қазақстанның Ақтау порты арасындағы контейнерлік тасымалдау желісін дамыту саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көмектесу мақсатында Иранның Анзали еркін аймағы ұйымы мен Қазақстанның Октао порты арасында ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.