Моңғолиядағы жұттан ауыртпалық көріп отырған қазақтарды елге көшіріп әкелу қажет -А. Момышев

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі күні Моңғолияда қатты аяз салдарынан малдары қырылып, жұттан ауыртпалық көріп отырған қазақтарды елге көшіріп әкелу керек.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Амангелді Момышев осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сөз басында қыстың қаһарлы аязы салдарынан Моңғолия жерінде орын алған гуманитарлық апатқа тоқталған депутат, ақпандағы жұттың бүкіл халыққа, оның ішінде негізгі күнкөрісі малмен байланысты қандастарымыздың басына үлкен нәубет әкелгенін атап өтті. Ресми деректерге сүйенген депутаттың айтуынша, аяз салдарынан Моңғолияда 3-3,5 млн. бас мал қырылған. Осыған орай, көмек қолдарын созған көршілес Ресей 13 млн. рубльге 34 вагон, Қытай елі 1,5 млн. долларға мал азығын жөнелтіпті. «Қазақстанның көмегі сол болсын, Моңғолиядағы қандастарымызды елімізге көшіріп әкелейік. Шындығында, күнкөрісінің негізгі көзі болып отырған малынан айырылған отандастарымызды осынау ауыр кезеңде елге көшіріп алсақ - соның өзі үлкен көмек болар еді», деді А. Момышев.

Сонымен бірге, депутат оралмандар мәселесіне де қозғау салып, бұл тұрғыда шешімін таппай отырған проблемаларды алдыға тартты. Соның негізінде бірқатар ұсыныстарын да жариялады. «Біріншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Сыртқы және ішкі істер министрліктері, «Нұр Отан» ХДП, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінен құралған Үкіметтің басқаруымен комиссия құрып, Моңғолиядағы қандастарымыздың нақты жағдайын зерттеп, олардың елге оралуына жағдай туғызу мақсатында шешім қабылдау керек. Екіншіден, Көші-қон комитетін министрлік қарамағынан алып, көші-қон саясатын жетілдіру, экономикалық және демократиялық саясатпен үйлесімді байланысын қамтамасыз ету мақсатында дербес Агенттік ретінде құру керек. Оны басқаруды ұлтымыздың жоғын жоқтай алатын, өзге елде жүрген қандастарымызға жаны ашитын азаматқа тапсыру керек. Үшіншіден, оралмандарға 2010 жылға арналған 20 мың квота қазіргі кезде ауыр жағдайға тап болып отырған Моңғолиядағы қазақтарға берілуі тиіс. Егер квотасыз-ақ көшіп келе беруіне рұқсат етіп, жатырқап қарамай, мүмкіндігі мол жағдай жасап, бауырымызға тартсақ көшіп келушілер көбейер еді. Төртіншіден, көшіп келген жерлестерімізді әр облысқа бөліп, оларды орналастыруда қалыпты жағдай жасау жергілікті атқарушы органдарға қатаң тапсырылуы тиіс. Бесіншіден, Білім және ғылым министрлігі оралмандар балаларының жоғарғы және арнаулы оқу орындарында оқуына арнайы квота қарастырғаны дұрыс. Жалпы оралмандардың балаларының жан-жақты білім алып мамандануына барлық жағдай қарастырылуы керек», деді А. Момышев.

Соңғы жаңалықтар