Моңғолиядан шыққан түйе керуені Лондонға бармақшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір топ саяхатшы түйе керуенімен Ұланбатырдан Лондонға аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат МОНЦАМЭ-ге сілтеме жасап.

Моңғолиядан шыққан түйе керуені Лондонға бармақшы

2017 жылдың қараша айының басында Н.Байгалмаа бастаған түрлі ұлттың 7 саяхатшысынан құралған топ алыс жолға аттанды. Олар 12 мың шақырым қашықтықты басып өтуге бел буды.

Қазіргі уақытта олар 650 км жүріп Баянхонгор (Байынқоңғыр) аймағына жетті, ал соңғы межеге жету үшін шамамен үш жыл қажет.

Өкініштісі жолда әртүрлі себептерге байланысты саяхатшылардың бірқатары сапарды жалғастыра алмады.

Баянхонгор аймағы әкімшілігі басшысының орынбасары Б.Батсүүр 3 қаңтарда саяхатшыларды қарсы алып, осы өлкенің аумағында керуенге қажетті көмектің барлығын жасауға дайын екендігін мәлім етті.  

Топ жетекшісі Н.Байгалмааның айтуынша, саяхатшылар Жібек жолының бойымен 15 мемлекетті басып өтеді. Шараның басты мақсаты - моңғол мәдениетін шетелдерде соның ішінде Еуропа елдерінде насихаттау.