Моноқалалар мен өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асыруда 13,8 млрд. теңгенің заңбұзушылықтары анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Өңірлік даму министрлігінің 2013-2017 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру, «Өңірлерді дамыту» және «2012-2020 жылдары шағын қалаларды дамыту» бағдарламаларын іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражаттарын пайдалануды бақылау барысын бағалау қорытытындысы шығарылды, деп хабарлады Есеп комитетінің баспасөз қызметінен.
Министрліктің стратегиялық жоспары тиісті деңгейде іске асырылмаған. «Өңірлерді дамыту» және «2012-2020 жылдары шағын қалаларды дамыту» бағдарламаларын бағалау барысында шараларды орындауда жауапты мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекеттестіктің мардымсыз болғаны анықталды. Жалпы алғанда, жалпы сомасы 13,8 млрд. теңгеге бюджеттік және өзге де заңнаманы бұзушылықтар анықталды», - делінген хабарламада.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасында көзделген 4 нысаналы көрсеткіштің 3-еуіне қол жеткізілмеген. Шаралар жоспарының 18-тармағының 6-уы ғана орындалған. Бағдарламаны іске асыруға бағытталған қаражаттың жалпы көлемінен моноқалалар экономикасын әртараптандыру бойынша 16 пайызы ғана пайдаланылған.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру болмағандықтан 9 жоба іске аспаған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жол берілген заңбұзушылықтарды жою, заңнаманы бұзған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау, басқа да тапсырмалар берілді. Ақмола, Жамбыл, Маңғыстау және Қарағанды облыстары әкімдеріне 215,6 млн. теңге республикалық бюджет қаражатын орнына қайтару шараларын қабылдау тапсырылды.