Моноқалалардың шетіндегі қалдық үйінділерін қайта өңдеу жоспары жасалады

моноқала
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында моноқалалардың шетіндегі қалдық үйінділерін қайта өңдеу жоспары жасауды тапсырды.

«Қазіргі таңда моноқалаларда бос тұрған өндірістік алаңдар бар. Оларды пайдалану керек. Өнеркәсіп министрлігі екі аптаның ішінде моноқалалардағы бос тұрған алаңдарда шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруға байланысты нақты ұсыныстар енгізсін», - деді Премьер-министр.

Сондай-ақ, ол моноқалалардың шетінде үйіліп жатқан өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің маңызына тоқталды. 

«Техногендік-минералды түзілімдердің әлеуетін белсенді пайдалануды моноқалалардағы «өсу нүктелерінің» біріне айналдыруға болар еді. Бұл – тау-кен және қайта өңдеу өндірістерінен жинақталып қалған қалдықтар. Бірақ олардың құрамында көптеген пайдалы компоненттер, құнды және сирек металдар бар. Қазіргі технологиялар оларды игерудің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алады. Өнеркәсіп және Экология министрліктеріне техногендік-минералды түзілімдерді қайта өңдеу үшін инвесторлар тартуды тапсырамын. Бір айдың ішінде баяндаңыз. Бұл ретте кен орындарындағы пайдалы қазбалардың қорын да ескеру керек. Бұл ретте Арқалық қаласын мысалға келтіруге болады. Онда шикізат қоры таусылып, Торғай боксит кен басқармасы жабылып қалған болатын», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар