Моноқалаларды дамытуды көздейтін бірқатар жобалар тоқтап тұр - вице-министр Қ. Өскенбаев

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде қаражаттың жетіспеушілігі салдарынан моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясындағы бірқатар жобалар тоқтап тұр. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Моноқалаларды дамытуды көздейтін бірқатар жобалар тоқтап тұр - вице-министр Қ. Өскенбаев
Оның хабарлауынша, барлық 47 жобаның ішінен Степногорск, Хромтау, Жезқазған, Арқалық және Екібастұз қалаларында барлығы 14 жоба пайдалануға берілді. 32 жобаның құжаттары дайындалып жатыр. «Алайда, Жітіқара және Лисаковск қалаларында қаржыландыру және инвестор іздеу мәселелері шешілмей жатыр. Сондай-ақ, Сәтбаев, Шахтинск, Рудный және Серебрянск қалаларында қаржы жетіспеушілігі салдарынан 4 жоба тоқтап тұр», - деп атап көрсетті вице-министр. Айта кетейік, моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бағыттарының бірі - экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту. Ол үшін моноқалалардың әкімдері кем дегенде 1 жобаны іске асыруға міндетті. Әрбір жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылуы шарт. Қазіргі кезде жалпы сомасы 600 млрд. теңгеге бағаланған 47 жоба бар. Оның барлығы іске асатын болса, 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.