Монополистерге 3,1 млрд. теңге мөлшерде айыппұл салынды - ТМРА

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы еліміздегі монополистерге салынған айыппұл санкцияларының сомасы 3,1 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.

Монополистерге 3,1 млрд. теңге мөлшерде айыппұл салынды - ТМРА

«Ағымдағы жылы монополистер қызметіне бақылау күшейтілді. Атап айтқанда, тұтынушылардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында жыл басынан 1090 ұйғарым енгізілді. Ал салынған айыппұл санкцияларының жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгені құрап отыр. Бұден бөлек, тұтынушыларға келтірілген залалдың орнын толтыру мақсатында 1,2 млрд. теңгені құрайтын бірқатар тарифтік өтемақы енгізілді. Ал сыртқы ауа температурасының өзгерістеріне байланысты қайта есептеулер нәтижесінде жылыту маусымы үшін төленген қаражаттың 490 млн. теңгесі халыққа қайтарылды», - дейді агенттік төрағасы.

Бұл ретте агенттік басшысы мәселенің айыппұл санкцияларды өсіруге қатысты емес екендігін, керісінше монополистердің активтерді жаңғырту бойынша өз міндеттерін дұрыс атқармай отырғанына қатысты болып отырғанын алға тартты. «Былтырғы жылы жүргізілген тексерулердің нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою бойынша 744 ұсыным жазылып, айыппұл санкциялары түрінде 205 млн. теңге өндіріліп алынды», - деді М. Оспанов.