Монополиялық қызметті тексеру барысында мемлекет пайдасына 31 453 797 теңге өндірілді
АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алматы прокурорлары монополиялық қызметті жүзеге асыру бойынша жүргізген тексерулері барысында мемлекет пайдасына 31 453 797 теңге өндірді.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен әкімдердің алдына бағаның негізсіз өсуін, оның ішінде азық-түлік бағасын ырықтандыру туралы нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай, әлеуметтік азық-түліктердің тізіміне аса маңызды 18 түрлі азық аталымы кіргізілген болатын. Бұл азық-түліктердің бағасын шектен тыс көтеруге заңнама арқылы тыйым салынғаны да белгілі. Осыған орай, өткізілген тексерулер барысында Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша бәсекелестікті қорғау аймақаралық инспекциясы Алматы қаласы бойынша бірқатар заңды тұлғалардың 2010 жылы тамыз бен қараша айларында негізсіз өсімдік майы мен қара құмық өнімі бағасын көтергенін анықтаған.
«Былтырғы тамыз айының екінші тоқсанынан бастап Алматы қаласында өсімдік майы бағасының өскені анықталды. «Прима» ЖШС «Олейна», «Идеал», «Масленица» деген майларды жоғары бағамен сатқан. «Прима» ЖШС ешқандай экономикалық негізсіз, 2010 жылдың 10 тамызынан бастап өсімдік майының бағасын күрт көтерген. «Eurasia Trading Compani», «Milk Center Ltd» аталған мерзімде экономикалық негізсіз, құны өспесе де, өсімдік майының бағасын көтерген. Тексеру кезінде анықталғандай, баға көтеру өзара мәміле бойынша орташа есеппен алғанда 180 мен 240 теңге аралығында болды», - делінген прокуратура баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.
Аталған шара аясында заңнаманы бұзушыларға нарық субъектілерінің бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы заңнамалық актісінде тыйым салынған бәсекелістікке қарсы іс әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, өсімдік майы мен қара құмық өнімі бағасын белгілеу және ұстап тұру туралы келісімдері үшін монополистік қызметті асыру нәтижесінде алынған табысының 5 пайыздан 10 пайызға дейінгі мөлшерде айыппұл салынған. «Алматы қаласы прокуратурасы мен қалалық сот қабылданған шешімдермен келіспей, апелляциялық тәртіпте қайта қаралған және бірінші сот инстанциясының қателіктері түзелген болатын. Бұл ретте айыппұл сомасы, монополиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алған монополиялық табысы тәркіленіп мемлекет пайдасына барлығы 31 453 797 теңге өндірілді. Мемлекет пайдасына өндіру туралы сот шешімінің орындалуы Алматы қаласы прокуратурасының бақылауында болады», - делінген баспасөз айғағында.