Монсеррат Кабалье салықтан жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіл әлемге танымал испандық опера әншісі Монсеррат Кабалье өз елінде салық төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Утро.ру.

Монсеррат Кабалье салықтан жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін

The Guardian хабарлағандай, корольдіктің құқық қорғау органдарының талапарызы 2010 жылы Мәскеу, Женева және әртістің туған жері Барселона қаласында өткен концерттерге байланысты. Тергеу деректері бойынша әншінің өнер көрсетуіне қатысты келісімшарттарға испандық бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында Андоррада тіркелген компания арқылы қол қойылған. Испандық прокуратура өз талапарызында өнер иесінің елдің салық органдарына декларация беруге міндетті болғанын атап өтті, өйткені ол Барселона резиденті болып табылады. Әншінің Андоррада тұратындығы туралы берген дәлелін қадағалау органы қарауға алмады. Тәртіп сақшыларының есебі бойынша опера әншісі 508 мың еуродан астам төлем төлеуден жалтарған. Соттың алғашқы отырысы 9 мамырда өтеді деп күтілуде. Айта кетейік, Монсеррат Кабальенің атақ-даңқы Россини, Беллини және Доницеттидің классикалық туындыларының партияларын орындау кезінде өзінің бельканто орындаушылығының арқасында туған жері Испаниядан да асып, шетелдерге кеңінен жайылып кеткен. Өнер жолында ол «Queen» тобының әншісі Фредди Меркьюримен бірлесіп Барселонда 1992 жылғы Олимпиада ойындарының ашылуында басты әнді айту тәрізді батыл қадамдарымен көзге түскен.