Монтердің өліміне қатысты «Алатау жарық» компаниясы түсініктеме берді
Алматыда электр жөндеушіні тоқ соғып, қаза тапты. Оқыс оқиға кеше 18:28 шамасында «Атмосфера» тұрғын үй кешенінде болды. Ер адам Талғар электр тарату торабы мекемесінің рұқсатынсыз жұмыс жүргізген. Бұл туралы «Алатау жарық» компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 қазан күні сағат 16:00-де жедел өтінішке сәйкес, 2316- трансформаторлық станция желісіндегі ажыратқышты ауыстыру үшін электр энергиясын қашықтыққа жеткізетін (ВЛ-10 кВ) желі тоқтан ажыратылды. Сағат 18:00-де жұмыс аяқталғаннан кейін диспетчер 10кВ Ф-2/13И әуе желісін қосуға рұқсат берді. Алайда, қысқа тұйықталу салдарынан желі қосылмады. Ақауды тексеруге арнайы топ шықты.
«Сағат 18:28-де орталық диспетчерлік қызметтің кезекші бөлімінен «Атмосфера» тұрғын үй кешенінің аумағында бір адамның тоққа түскені туралы хабарлама келді. Ақпаратты анықтау үшін Талғар аудандық электр тарату торабы мекемесінің аға маманы жіберілді. Оқиға орнына жеткен маман «Атмосфера» тұрғын үй кешенінің трансформаторлық қосалқы станциясында белгісіз ер адамның тоққа түсіп, электр бағанасына жабысып қалғанын растады», - делінген АЖК таратқан хабарламада.
Мәлім болғандай, ер адам тұрғын үй кешенінің электршісімен бірге, Талғар аудандық электр тарату торабы мекемесінің рұқсатынсыз жұмыс жүргізген.
«Сағат 20:40 төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оны бағанадан түсірді. Жедел жәрдем бригадасы оның қайтыс болғанын хабарлады», - деп атап өтті компаниядан.
Аталған оқиғаға қатысты Түрксіб аудандық полиция басқармасы тергеу жұмыстарын бастады.
Еске сала кетейік, Алматыда электр бағанасына шыққан монтер тірідей жанып кеткенін жазған болатынбыз.