Moody's Қазақстанның кредиттік рейтингін Baa1 деңгейінде растады
АСТАНА. KAZINFORM – Moody's халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының егеменді кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейінде растады. Болжам – «Тұрақты», деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі.
Агенттік рейтингтің расталуын Қазақстанның күшті фискалдық ұстанымымен байланыстырады. Оған мемлекеттік борыштың төмен деңгейі, борышқа қызмет көрсету қабілетінің жоғары болуы және жинақталған валюталық активтер қолдау көрсетіп отыр.
Moody's бағалауынша, бұл факторлар экономикалық саясаттың икемділігін сақтауға және сыртқы экономикалық күйзелістердің салдарын азайтуға мүмкіндік беретін елеулі қауіпсіздік қорын қамтамасыз етеді.
Мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, Қазақстан экономикасының өсімі жалғасып отыр. Агенттік бұған өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да мұнай емес секторлардың ЖІӨ өсіміне қосқан үлесі әсер еткенін атап өтті.
– Цифрлық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымға жүргізіліп жатқан инвестициялар орта мерзімді экономикалық өсімді одан әрі қолдайды. Шикізаттық емес секторлар өсудің негізгі драйверлері болып қала береді, – делінген мәліметте.
Moody's пікірінше, салық реформалары бюджеттің мұнай емес кіріс базасын кеңейту арқылы фискалдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, салық реформасы және цифрлық, көлік пен энергетикалық инфрақұрылымға салынатын инвестициялар елдің фискалдық перспективаларын жақсартып, экономиканың одан әрі өсуіне мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Kazinform Moody's агенттігінің Қазақстан рейтингін «Baa2»-ден «Baa1»-ге дейін көтергенін жазған болатын.