Мортық тұрғындары ауылдағы жалғыз көлдің сатылып кеткеніне алаңдаулы

Бүгін елордаға Ақмола облысы Мортық ауылының тұрғындары келді. Олардың проблемасы – ауыл маңындағы жалғыз көлді халықтың келісімінсіз сатып жіберген. Осы орайда тұрғындар БАҚ өкілдерінің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көл
Фото: адвокат Талгат Кусдаулетов

«Биыл сәуір айында Мортық ауылының тұрғындары ауыл маңындағы көлдің Жүсіпов жеке кәсіпкерлігіне 49 жылға берілгенін білді. Тұрғындардың аукцион өткенін және оған сәйкес көл 700 мың теңгеге жалға берілгенінен хабары жоқ. Мортық тұрғындары жиын ұйымдастырып, Жүсіпов жеке кәсіпкерлігі өкілдерін шақырып, басқа көлді ұсынды. Себебі аталған көл ауыл малын суарудың жалғыз көзі болған. Өйткені халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сосын тұрғындар маған жүгінді. Мен Экология министрлігі балық шаруашылығы комитетінен құжаттарды сұрадым», - деді адвокат Талғат Құсдәулетов елордада өткен брифингте.

Оның айтуынша, министрліктен көлді жалға беру бойынша аукцион өткенін растаған.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы бұйрығымен аукционды өткізу кезінде ұйымдастырушы су қоймасының координаттары мен паспортын ұсынады. Су ресурстары басқармасына жүгінген кезде бізге аукцион өткізілді және ешқандай ескертулер жоқ деген жауап берілді. Мен балық шаруашылығы су қоймасының төлқұжатын қарадым. Онда Вернадский атындағы қоғамдық үкіметтік емес экологиялық қор көрсетілген, ал Астана қаржы ЖШС қол қойған. Әр түрлі сипаттамалар берілген. Бұл үшін конкурсты ұйымдастырушы жауап беру керек», - дейді ол.

Адвокаттың мәліметіне сәйкес, Мәскеуде орналасқан Вернадский атындағы қорға сұрау салған.

«Олар Қазақстанда филиал ашпағанын айтты. Әрине, бізді қоғамдық кордың немен айналысатыны қызықтырды. Аталған қоғамдық қор тек ғылыми гранттармен айналысатыны белгілі болды. Бірақ оларға Ғылым және жоғары білім министрлігі аккредитация берді, бұл оларға су қоймасының төлқұжатын жасауға рұқсат береді. Мен Ғылым және жоғары білім министрлігінен Вернадскийдің көлдерді төлқұжаттауға құқығы жоқ деп сұрадым, өйткені олар тек министрлік бөлген грант аясында ғылыми жұмыстар жүргізе алады. Екінші сәт, Астана финанс ЖШС жеке күзет фирмасы шықты. Олардың ғылыми зерттеулер жүргізуге ешқандай қатысы жоқ. Бұл ғылыми зерттеу актісінде 3 тұрғын да көрсетілген. Бұл адамдар тіпті білімі жоқ болып шықты. Олар бізге 2018 жылы қорықшы боламыз деген қолтаңба алғанын ресми түрде растады. Олар 2020 жылы зерттеу жүргізгені көрсетілген. Бұл адамдар мұны жасамағанын және тіпті білмейтінін айтады», - дейді Т. Құсдәулетов.

Мортық ауылының тұрғындары көлдің заңсыз жолмен сатылып, жалға берілгеніне алаңдаулы. Себебі көл тіршіліктің көзі.

«Мортық көлінің мәселесі бойынша бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Антикор, прокуратура жазбаған жеріміз қалмады. Айрандай ұйып отырған ел едік, аяқ астынан проблема шықты. Біз мал ұстап күн көріп отырған халықпыз. Көлді жалған құжаттармен иемденіп жатыр. Құзырлы органдар осыған мән берсе екен дейміз, бұл бассыздық», -деді Мортық ауылының тұрғыны Шортанбай Бейсембин.

Оның айтуынша, ауылда 60 үй бар.

«Біздің талап көлімізді өзімізге қалдырсын. Ауылдың тіршілігі көлмен байланысты, оны алса құриды деген сөз. Көлдің сатылған біз биыл көктемде білдік, ал тендер 2022 жылы желтоқсанда жүргізілген. Көл 700 мың теңгеге сатылған. Көлдің тереңдігі 1 метр, енді оны тереңдетеміз деп жатыр. Ол экологиялық проблемаға алып келеді», - дейді ол.

БАҚ өкілдері тұрғындардан көлді сатып алған кәсіпкер сіздерге көлді пайдалануға тыйым салды ма деген сауал қойды.

«Әзірге тыйым салған жоқ, дегенмен ертеңгі күні көлді басқа біреуге сатып кетуі мүмкін, оны қоршайды. Бұл ауылдың маңындағы жалғыз көл», - дейді ауыл тұрғыны.

Редакция мәселенің мән-жайын білу мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хабарласты.

«Мортық көлі жеке меншікке сатылған жоқ, балық шаруашылығын жүргізу құқығына ғана берілді. Мортық ауылының жергілікті тұрғындары талап еткендей, конкурс қағидасымен су айдынын бекіту кезінде жергілікті қоғаммен келісу рәсімдері қарастырылмаған. Сонымен қатар биыл 31 мамырда Мортық көлінің жағдайы бойынша аудандық маслихат депутаттары, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілі, инспекция басшысы Мортық ауылына барып түсіндіру жұмысын жүргізді. Халықпен кездесуге көлді жалға алған «Жүсіпов» ЖШС иесі Серік Жүсіповтің өзі де қатысты», - деді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев.

Оның айтуынша, көлдің маңайы қоршалмаған, жалға алушымен жергілікті тұрғындардың малдарын суаруға ешқандай тыйым салынбаған және ол мүмкін емес.

«Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңға сәйкес балық шаруашылығын дамыту үшін су айдындары толық иемдену құқығынсыз беріледі. Яғни көл иесі балықты өсіруге және жалға алған көлді сатуға ғана құқылы. Жалға алушымен шарт міндеттері орындалып жатыр. Мортық көлінде балық шаруашылығын жүргізу шартын бұзуға негіз жоқ», - деп түсіндірді ол.

Одан бөлек, Ақмола облысы әкімдігіне хабарласып, Мортық ауылы тұрғындарының мәселесі бойынша ресми түсініктеме беруді сұраған едік.

«Ақмола облысы әкімдігі Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына «Астана-финанс групп» ЖШС 2020 жылғы 22 тамыздағы Целиноград ауданының Ұзынкөл және Мортық көліне су айдындарында ғылыми зерттеу жүргізуді растайтын құжаттарымен жүгінді. В. И. Вернадский атындағы қорының Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі 5 жыл мерзімге берген 2018 жылғы 13 сәуірдегі №005141 ЖК сериялы аккредиттеу туралы куәлігі бар», - деп түсіндірді әкімдіктен.

Ресми ақпаратта айтылғандай, қор ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелген.

«Заңның 22-бабының 5-тармағына сәйкес жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулерді ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелген заңды тұлғалар жүргізуі тиіс. 09.12.2022 жылы сатылым өтті. Онда Целиноград ауданының Мортық көлі конкурсқа қойылды, ең көп соманы ұсынған жеңімпаз Жүсіпов ЖШС – 757 257,00 мың теңге ұсынды. Конкурс аукцион әдісімен «GOSREESTR» порталында электронды түрде өткізілді», - делінген хабарламада.

Байқаудың ұйымдастырушысы Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.

«Конкурс қорытындысы бойынша Ақмола облысы әкімдігінің 23.12.2022 жылғы №А-12/624 қаулысымен инспекция мен конкурс жеңімпазы арасында 49 жыл мерзімге 27.12.2022 жылы Мортық көлі жалға берілді», - деген жауап алдық.