Жаңа көліктің майын басқа жерде ауыстырса, дилер кепілдіктен шығарады - Рас па, өтірік пе?

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа көлік сатып алған жүргізушілердің көбі кепілдікті сақтау үшін машина моторының майын тек ресми дилерлік орталықта ауыстыру керек деп ойлайды. Көлік иесі басқа техникалық қызмет көрсету орталығына барса, кепілдіктен айырылып қалуы мүмкін бе? Дилердің мұндай талап қоюға құқығы бар ма — Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Май машина
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Дилердің талабы қаншалықты заңды?

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Тұрсын Джагпарованың айтуынша, көлік иесіне «бізде қызмет көрсетпесең, кепілдіктен айырыласың» деп біржақты талап қою заңсыз. 

Сарапшы бұл орайда заңнаманың тұтынушы құқығын толық қорғайтынын атап өтті. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 8, 8-1 және 28-баптарына сәйкес, кез келген бизнес субъектісіне өзінің үстем жағдайын пайдаланып, тұтынушының құқығын бұзатын шарттар мен қосымша қызметтерді міндеттеуге қатаң тыйым салынған.

Құқықтық актілер иерархиясы бойынша автосалонның немесе дилердің ішкі ережелері Заңнан жоғары тұра алмайды.

Егер өндіруші зауыт көлікті тек белгілі бір дилерде ғана техникалық байқаудан өткізуді міндетті етіп бекітпесе (ал тәжірибеде мұндай талап қойылмайды), дилер өз бетінше мұндай талап қоя алмайды. Зауыт кепілдігі көрсетілмесе, аталған Заң аясында сатушы немесе дилер сатылған күннен бастап 2 жыл бойы кепілдік жауапкершілігін арқалайды.

Тұтынушы Заңның 24 және 25-баптарына сәйкес, дилерден өндіруші зауытпен ортадағы келісімшартты, сәйкестік сертификаттарын және пайдалану нұсқаулығын талап етіп, көре алады.

— «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңының 50-бабына сай, май мен жанармайдың техникалық талаптары мен нормаларын дилер емес, өндіруші зауыт белгілейді. Егер зауыт талабы сақталса, тұтынушы қай сервисті таңдаса да өз еркі, — дейді Тұрсын Джагпарова.

Сарапшының түсіндіруінше, тұтынушы көлік сатып алар алдында дилерден оның ресми өкіл екенін растайтын құжаттарды және кепілдік шарттарын сұрата алады.

заңгер
Фото: Тұрсын Джагпарованың жеке мұрағатынан

Басқа ТҚО-да май ауыстыруға бола ма?

Toyota City Centre техникалық жетекшісі Арег Меграбян да бұл сұраққа қатысты өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, жаңа көлік иесіне ресми дилерден техникалық байқаудан өтіп тұру ұсынылады. Алайда бұл көлік иесі басқа сервис орталығын таңдаса, зауыттық кепілдіктен автоматты түрде айырылады деген сөз емес.

— Жаңа автомобильді сатқан кезде біз клиенттерге техникалық қызмет көрсетуді ресми Toyota дилерінен алуды ұсынамыз. Сонда біз көліктің техникалық жағдайын және өндіруші белгілеген талаптарды сақтай аламыз. Бірақ біз мұны міндеттемейміз. Көлік сатып алынғаннан кейін оның иесі қай жерде қызмет көрсететінін өзі шешеді. Егер автомобильге ресми дилерде емес, басқа техникалық қызмет көрсету станциясында қызмет көрсетілсе де, зауыттық кепілдік өздігінен жойылмайды. Алайда көлікке қандай материалдар қолданылғаны және қажетті техникалық қызметтің уақытында жүргізілгені маңызды, — деді Арег Меграбян.

май машина
Фото: Kazinform/Камила Мүлік

Алайда кейін көлікте ақау пайда болып, оның себебі сапасыз май қолданумен немесе тиісті техникалық қызмет көрсетілмеуімен байланысты екені анықталса, сол ақау кепілдік бойынша жөнделмеуі мүмкін.

Ал көліктегі ақаудың басқа ТҚО-да жасалған қызметке еш қатысы болмаса, ол қолданыстағы зауыттық кепілдік талаптарына сәйкес қаралады.

Кепілдіктен айыруға негіз бар ма?

Тұрсын Джагпарованың айтуынша, көлік иесі дилерден «кепілдік күшін жойды» деген жауап алса, оның нақты себебін сұрауы керек. Өйткені көлікке техникалық қызмет көрсетудің басқа жерде жасалуы мен көліктегі ақаудың арасында себеп-салдарлық байланыс болуы маңызды.

Мысалы жүргізуші мотор майын тәуелсіз ТҚО-да ауыстырды делік. Бірнеше айдан кейін көліктің электроникасында немесе жүйесінде ақау пайда болды. Мұндай жағдайда май ауыстырудың жүйе ақауына еш қатысы жоқ екені анық, демек кепілдік жойылмайды.

Ал қозғалтқыштың өзінде ақау пайда болып, тексеру кезінде талапқа сай келмейтін сапасыз май немесе стандартқа сай емес бөлшек қолданылғаны сараптамамен дәлелденсе, кепілдік бойынша жөндеуден бас тартылуы мүмкін.

май машина
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Майдың маркасы ғана емес, сипаттамасы да маңызды

Көлікке мотор майын таңдағанда өндіруші көрсеткен техникалық талаптардың сәйкестігіне мән берген жөн.

Тұрсын Джагпарова көлік иесі тәуелсіз ТҚО-да қызмет алғанда сапаны растайтын барлық құжаттарды және майдың сәйкестік сертификатын талап етуі қажет екенін ескертеді. Егер сапасыз май құйылып, қозғалтқыш бүлінсе, дилер кепілдікті жояды. Ондай жағдайда барлық жауапкершілік майды сатқан ТҚО-ға немесе көлік иесінің өзіне жүктеледі.

Тәуелсіз ТҚО қандай құжат беруі керек?

«Ойл Хаб» мотор майын ауыстыру орталығының менеджері Алинаның айтуынша, тәуелсіз сервисте де көлік иесіне атқарылған жұмысты растайтын заңды құжаттар топтамасы беріледі:

Орындалған жұмыс туралы акт;

Қолданылған тауарлар мен материалдарға арналған құжат (онда майдың, сүзгілердің толық маркасы мен спецификациясы жазылады);

Төлем чегі мен тапсырыс-өкімдеме;

Өнімнің сәйкестік сертификатының көшірмесі;

Сервистік кітапшаға мөр басылып, қызмет түрі мен көліктің жүріс көрсеткіші енгізіледі.

Дилермен дау туындаған жағдайда, осы құжаттар көлікке талапқа сай қызмет көрсетілгенін дәлелдейтін басты айғақ болады.

Кепілдікке қатысты дау туындаса не істеу керек?

Тұрсын Джагпарова даулы жағдайларда тұтынушының өз құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіріп өтті.

ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабына сәйкес, көлік тұтынушының жеке меншігі болғандықтан, ол диагностика мен сараптама жүргізу процесіне тікелей қатысуға құқылы. Сервис иесі диагностика уақытын тұтынушыға алдын ала хабарлауға міндетті. Тұтынушының қатысуынсыз жасырын тексеріп, «сіз кінәлісіз» деп шешім шығару заңсыз.

— Келіспеушілік туындаса, алдымен автосалонға ресми шағым-арыз түсіріледі. Егер автосалон қызметкерлері «тек бізде қызмет көрсетіледі» деп заңсыз талап қойып, құжат көрсете алмаса, Тұтынушы Заңның 18 және 24-баптарына сүйеніп, оқиғаны телефон камерасына түсіруге толық құқылы, — деді ол.

Егер дилер тұтынушыны қате ақпаратпен алдап, өз қызметін заңсыз таңуды жалғастырса, тұтынушы 102 нөмірі арқылы полиция инспекторын шақыра алады. Полиция қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 190-бабы («Тұтынушыларды алдау») немесе 193-бабы бойынша хаттама толтырып, автосалонға/дилерге бірден әкімшілік айыппұл салады.

Әрбір автосалонда мемлекеттік органдар мен тұтынушылардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың байланыс нөмірлері көрсетілген Ақпараттық стенд болуы шарт. Болмаған жағдайда кәсіпкерге айыппұл салынады.