Мойнақ ГЭС-інің құрылысы алаңынан 100-ден астам алтын бұйым табылды

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Мойнақ ГЭС-і салынып жатқан аумақта жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жүзден астам зергерлік алтын бұйымдар табылды.
None
None

«Археологиялық зерттеу жұмыстары «Мойнақ ГЭС-і» АҚ-ның басшылығының тапсырысымен «Қазақстанның тарихи мұраларын сақтау жөніндегі» заңына сәйкес құрылыс аумағын зерттеу мақсатында басталған болатын. Содан бергі уақытта су қоймасы астында қалатын жерден 58 ескерткіш зерттеліп, қазылған. Нәтижесінде Мойнақ ГЭС-і орналасқан Жетісудың Райымбек ауданы аумағында Қола дәуірі, өте ерте Сақ, Түркі, Ғұн заманы, Биғазы-Дәндібай, Нұра мәдениетіне қатысты бұйымдар табылған.

Бұлардың ішіндегі ең ерекшесі ерте сақ дәуіріне қатысты бұйымдар. Бұл еліміздің басқа аумағында кездеспейді. Сонымен қатар қазбалар нәтижесінде Бегазы-Дәндібай мәдениетіне сәйкес келетін мәдениет тек Сарыарқада емес Жетісуда да болатынын дәлелдейтін бұйымдар, тағы бір үлкен жаңалық - Ғұн дәуірінің ескерткіштері табылған. «Әр тарихи кезең белгілерінің бір аумақтан табылуы өте ерекше, сирек жағдай. Сондықтан алдағы уақытта аудан аумағының басқа жерлеріне де зерттеу жүргізілуі тиіс» дейді қазба жұмыстарын жүргізген «Қазархеология» ЖШС «Мойнақ ГЭС-і» археологиялық экспедициясының бастығы Жұман Смайлов.

Бұйымдардың жалпы саны 100-ден астам. Бұлардың ішінде атымен жерленген сақ жауынгері, ат бұйымдары, ертоқым, ауыздық, үзеңгілер, жүген, садақтың оқтары, құмыралар, түрлі ыдыстар бар. Басым бөлігі алтыннан жасалған. Экспедиция басшысының айтуынша, алдағы уақытта жәдігерлер туралы альбом шығарылып, барлық бұйымдар Мойнақ ГЭС-інің мұражайынан орын алатын болады.

Соңғы жаңалықтар