Мойынқұм ауданында көпбалалы отбасыларға арналған жатақхана пайдалануға берілді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында көпбалалы, үйсіз отбасыларға арналған 12 пәтерлі жатақхана қолданысқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мойынқұм ауданында көпбалалы, үй кезегінде тұрған отбасылар үнемі аудан әкімінің қабылдауында болып, тұрғын үй мәселесін шешіп беруді сұраған болатын. Осыған орай аудан әкімінің бастамасымен тиісті қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың басында №8 Мойынқұм колледжінің бос қалған жатақханасы күрделі жөндеуден өтті. Талай жыл қараусыз, жөндеусіз тұрған 4 қабатты жатақханаға аудан бюджетінен 27 млн. теңге бөлініп, 1 және 2 қабаттары қайта жаңғыртылып, шатыры ауыстырылып, ішіне орталықтандырылған жылыту жүйелері, ауыз су мен санитарлық торап жүргізілген.
12 пәтерлі жатақханаға көпбалалы, аз қамтылған үй кезегіндегі отбасылар ие болды. Пәтер кілттерін тапсырған аудан әкімі Мәден Мұсаевтың, қуаныш иелерін қоныс тойымен құттықтады. Өз кезегінде баспаналы болған көпбалалы аналар да өз әсерімен бөлісті.
«Біз жолдасым екеуміз 5 бала тәрбиелеп отырмыз. Балаларымның барлығы мектеп жасында. Жолдасым да, өзім де шаштараз болып жұмыс істейміз. Талай жылдан бері баспана жалдап келдік. Енді міне бүгін қуанышымыз қойнымызға сыймай отырған жайымыз бар. Алғашында көпбалалы үйсіз отбасыларға беріліп жатқан осы үй тізімінде бар екенімді де білмедім. Бала шағамызбен пәтерден пәтерге көшіп әбден шаршаған едік. Басқа жанұялармен бірге мені де кілт алуға шақырғанда сенер сенбесімді білмей, қатты қуандық. Аудан, облыс басшылығына алғысымды айтамын»,-дейді Айгүл Ермуратова.