Мойынқұмда заңсыз аң аулаған 9 адам ұсталып, 8 қару тәркіленді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында  заңсыз аң аулаған 9 адам ұсталып, 8 қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мойынқұмда заңсыз аң аулаған 9 адам ұсталып, 8 қару тәркіленді

Бұл азаматтарды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанынан құрылған «Жануарлар әлемін қорғау бойынша мамандандырылған жедел қызмет» мамандары анықтаған.

Мойынқұм ауданындағы «Андасай» қорығына жасалған рейдтік іс-шара барысында 6 құқық бұзушылық анықталып, ұсталған 9 адамнан 8 қару тәркіленген.

«Браконьерлікпен айналысқан азаматтар бойынша барлық мәліметтер аудандық ішкі істер бөліміне жолданды. Рұқсат етілмеген аумақта аң аулағандарды 70 АЕК, яғни 160-170 мың теңге көлемінде айыппұл күтіп тұр. Бұдан бөлек, облыста соңғы 2 айда браконьерлік бағыттағы 17 құқық бұзушылық анықталып отыр» делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы аумағында аң атуға тыйым салынған 4 табиғи қорық бар. Оның екеуі - республикалық, қалған екеуі - жергілікті меншікте. 

Ғибрат Сембай