MTV Music Awards сынды әлемдік сахналарды тек қазақ әнімен бағындыра аламыз - Димаш Құдайберген
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Славян базары-2015» байқауының Гран-при жүлдесін ұтып алған Димаш Құдайберген әлемдік сахналарды шетелдік әнмен емес, тек қазақтың төл музыкасымен ғана бағындыруға болады деп есептейді.
«Біздің елде вокалды мектеп өте мықты, педагогтарымыздың деңгейі асып тұр. Егер дайындалсақ, барлығына қол жеткізуге болады. MTV Music Awards сынды сахналарда жасындай жарқылдауға да мүмкіндік бар. Осындай биік дәрежелі сахналарды бағындыру қазақ әншілерінің қолынан келетін дүние. Тек қазақша ән шырқау қажет. Менің ойым осындай», - деп атап өтті әнші бүгін Астанада берген баспасөз мәслихатында.
Димаш Құдайбергеннің сөзіне қарағанда, Қазақстанда ағылшын тілінде шетелдік сахнада өнер көрсетуді көздеген әншілер қазақ әндеріне мән бергені дұрыс. Себебі ағылшын тіліндегі әндермен бүгінде ағылшындықтарды мойындату өте қиын.
«Ағылшын тіліндегі әнмен ешкімді де таңырқата алмайсың. Барлығы Бейонсе, Мерайя Кэрей сияқты жезкөмей әншілердің барын біледі. Олардан асып түсу өте қиын. Оларды өз нақышыңа өзгертсеңіз де болады, дегенмен ол шетелдік тыңдарманға қызық емес. Тек қазақша әнмен, қазақ колоритімен барша әлемді таңқалдыруға болады. Өйткені біздің әндер дүниежүзінде ең керемет музыкалардың бірі», - дейді ол.
Есте болса, жақында ғана Димаш Құдайберген «Витебск-2015» XXIV эстрада әндерін орындаудың халықаралық байқауының Гран-приін олжалаған болатын. Атап өту керек, «Витебскідегі славян базарының» 24 жылдық тарихында қазақстандық әншілер бас жүлде түгілі бірінші сыйлыққа да ие бола алмаған.