Мұғалім болғысы келмейтіндер педагог мамандықтарға оқуға түсуде - депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұғалім болғысы келмейтін жастар педагог мамандықтарға оқуға түсуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің және «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңестің бірлескен отырысында депутат Наталья Жұмаділдаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Педагог мамандығы беделінің проблемасы Қазақстан үшін де өзекті. Қазақстанда педагогтың еңбекақысы еліміз бойынша орташа жалақыдан аз екені белгілі. 2017 жылдың екінші тоқсанындағы статистикалық мәліметтеріне тоқталсақ, педагогтың орташа еңбекақысы 99 мың теңге. Ал еліміздегі орташа жалақы 140 265 теңгеге дейін. Бұл өз кезегінде төмен жалақы салаға талантты әрі дарынды жастарды тартуға мүмкіндік бермей отыр»,- деп тоқталды Жұмаділдаева.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда «Алтын белгі» иегерлері арасында тек 5-7 пайызы ғана білім беру мамандықтарын таңдаған. Ал мемлекеттік грантты алуға ҰБТ-ның шекті ұпайының төмендігі бұл салағы қызығушылығы жоқ жастардың келуіне себеп болуда.

«Алайда диплом алғанымен педагогикалық ЖОО-лардың түлектері көбіне өз мамандығымен жұмыс істемейді. 2015 жылы Қазақстанда педагогикалық мамандықтардағы түлектердің тек 35 пайызы оқуын тәмамдаған жылы жұмысқа тұрған. Өкінішке қарай, одан кейінгі тың мәліметтер маған ұсынылмады»,-деді депутат.

Оның атап өтуінше, бүгінде Қазақстанда педагогтың қоғамдағы мәртебесі туралы айқын мәліметтер жоқ. Халықаралық деңгейде педагог кәсібінің мәртебесін бағалауға мүмкіндік беретін тетіктер жұмыс істеуде.

«Бүгінде елімізде кадрлардың тұрақсыздығы бойынша статистика ұлттық деңгейде жүргізілмейді. Осындай деректердің жоқтығы ағымдағы жағдайды, проблемаларды әрі мамандардың жұмысында тұрақтамауына қатысты мәселені  бағалауға толық мүмкіндік бермейді. Бұл өз кезегінде педагогтың мәртебесін жоғарылату үшін қажетті шараларды айқындауға кедергі келтіреді»,- деп түйді депутат.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте өткен бұл отырыс барысында мұғалім мамандығының беделін көтеру мәселесі талқыланды.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорлары үшін еңбекақыны сараланған түрде төлеу қарастырылып жатқанын айтты. 

Сонымен қатар, министрлік мұғалімдерді қорғаудың қадамдарын ескеруде. Осы орайда Қазақстанда мектептер мен ата-аналар арасында келісім бекіту жоспарланып отыр.

фото:parlam.kz

Соңғы жаңалықтар