Мұғалім - еліміздің білім беру саясатындағы басты тұлға - Б.Жұмағұлов
ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат. 29-қыркүйек күні Астанада мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Бұл күні еліміздің 279 мың мұғалімі өздерінің кәсіби мереке күнімен құттықтаулар естіді.
Жиында Қазақстан Республикасы Н.Ә. Назарбаевтың құттықтау хатымен Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұлов таныстырды. Хатта: «Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сондықтан білім сапасы - елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала. Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Біз осы жылдарда заман талабына сай білім берудің жаңа жүйесін құрдық. Бүгінде халыққа әлем стандарттарға сай білім беру үшін мемлекетіміз өз тарапынан барлық жағдайларды жасауда. Ұстаз мәртебесін көтеру және оның ерен еңбегін лайықты түрде бағалау орайында ауқымды әрі жүйелі шаралар іске асырылуда. Мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және жоғары білім беруде мүлде жаңа бағыттар анықталып, электронды оқыту жүйесі енгізілуде»6 - делінген.
- Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялы бағытын негізге ала отырып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы әлемдік заманауи тәжірибеге сай аса өзгеше, жаңа білім құрылымын жасады. Бұл, шынында да, сіздердің, ұстаздар қауымы ерен еңбегінің жемісі, - деді министр өзінің құттықтау сөзінде. Сондай-ақ, салтанатты кешке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Н. Әбдіхалықова қатысты.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығын республикамыздың мұғалімдер қауымы жақсы жетістіктермен қарсы алды. «Балапан» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде елімізде 6960 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді. 12-жылдық білім беруге көшу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Алдағы жылдарда 522 мектеп салынбақшы.
Тек соңғы жылдарда отандық білім беру саласы модернизация бағытында өз жұмысын жалғастыруда. 2011-2020 жылдарға арналған жаңа Мемлекеттік білім беру бағдарламасы қабылданды. Техникалық және кәсіби білім берудің жаңа моделі енгізілді. Білім берудің барлық деңгейінде қоғамдық кеңестер құрылуда. Білім беру сапасын бағалаудың вертикаль жүйесі қалыптасты. Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев Университетінің негізінде педагогтар біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі енгізілді.
Математика пәні ұстаздарының алғашқы съезінде Елбасы: «Келешекте мұғалім мамандығы ерекше сұранысқа ие болып, еңбекақысы жоғары болмақ» - деген болатын.
Осы бағытта бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тамыз айында мұғалімдер еңбекақысы 30 пайызға көтерілді. 2011 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Білім және ғылым минстрлігімен мұғалімдердің біліктілік категориясы үшін үстемақы төленуде.
Бүгінгі таңда ұстаздар қауымының алдында жаңа міндеттер тұр, ең алдымен, білім берудің жаңа сапасына көшу мәселесін қолға алу. Бұл алдағы онжылдықта білім беруді дамытудың түбегейлі өзгерісі болмақ. Осы бағытта мұғалімнің орны барлық білім беру саласының тетігі болып отыр.
Министр Б. Т. Жұмағұлов өз сөзінде мұғалімнің еліміздің білім беру саясатындағы басты тұлға екенін атап айтты. Ендігі кезекте бірде-бір оқулық мұғалімнің тексеруінсіз жарыққа шықпақ емес. Ұстаздар қауымы білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы бірден-бір тұлға болып қала бермек.
Салтанатты кеште республикамыздың ең ұздік, таңдаулы үстаздары Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталып, министрдің алғысы жарияланды.