Мұғалім: Індетті ауыздықтаудың бір жолы – жаппай екпе алу

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Індетті ауыздықтаудың бір жолы – жаппай екпе алу. Бұл туралы Орал қаласындағы №43 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Тілек Қуанышкереев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлем елдерінде коронавирусқа қарсы вакцина егу қарқынды жүргізілуде.

-Бұл індеттің алдын алу немесе оған біржола тосқауыл қою үшін осы екпені жаппай алу қажет деп ойлаймын. Осы мақсатта өз еркіммен №3 қалалық емханаға жұмыс орным арқылы екпе алуға жазылдым, - дейді Тілек Әділгерейұлы.

Мұғалімнің сөзіне қарағанда, 15 наурыз күні «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алған. Емхана дәрігерлері екпеден кейін қызудың көтерілуі, дененің салқындап, әлсізденуі секілді болуы мүмкін жайттарды ескерткен. Өздері де ұялы телефон байланысы арқылы жағдайын біліп отырған.

«Вакцина салғаннан кейін екінші күннен бастап екі-үш күн қолымды қозғаған кезде екпенің орны ауырсынып жүрді.

Басқалай ештеңе болған жоқ. 5 сәуір күні екпенінің екінші компонентін аламын. Бұл не үшін керек? Ең алдымен өз денсаулығың үшін қажет. Екіншіден, қызмет барысында көпшілікпен араласатын болғандықтан, сақтық керек.

Өзіңнің ауырмайтыныңа деген сенім арта түседі. Барша халықты әлеуметтік желідегі алып-қашпа әңгімеге сенбей, екпе алуға шақырамын. Індеттен тезірек құтылып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай», деді ҚазАқпарат тілшісіне Т.Қуанышкереев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 3 мыңнан астам медқызметкердің коронавирус екпесін салдырғанын, соңғы аптада індет жұқтыру деңгейі 20,5 пайызға өскенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ полицей отбасын ойлағандықтан да екпе салдыртқанын жеткізді.





Соңғы жаңалықтар