Мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесінде өзгерістер болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін еңбекақыны төлеудің жаңа моделі азаматтық қызметшілердің санатын өзгертеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесінде өзгерістер болады

«Егер қолданыстағы еңбекақы төлеудің әдісіне тоқталатын болсақ, бүгінде бір категорияда басшы мен жұмысшы қатар тұруы мүмкін. Бұл өз кезегінде біреуі басшылық қызметті, кейбірі негізгі жұмысты, сондай-ақ біреулері әкімшілік қызметті атқаруына қарамастан, барлығында бірдей қызметтік жалақының болуына алып келді. Осы орайда еңбекті ынталандыру деңгейі төмендеді», - деді министр.

Ал жаңа модельде азаматтық қызметшілердің лауазымдарын олардың атқаратын жұмыстарына қарай бөлу көзделген. Бұнда лауазымдар білімге, біліктілікке, орындайтын жұмыстың күрделілігі мен дәрежесіне қарай жіктеледі.

«Басқарушылық қызметті атқаратын азаматтық қызметші енді «басқарушы персонал» блогында болады. Профильдік қызметтерді орындайтындар, мысалы,ауруханадағы дәрігерлер мен мектептердегі оқытушылар «негізгі персонал» блогына енгізіледі. Осы ұйымдарда еңбек жағдайын қамтамасыз етіп отырған азаматтық қызметшілер, яғни экономистер, бухгалтерлер, заңгерлер және басқалары «әкімшілік персонал» блогына қарайды. Төртіншіден, «техникалық персоналда» техникалық жұмысшылар қамтылады», - деп түйді ол.