Мұғалімдер тілді не үшін оқытып жатқанын ұмытып бара жатқан сыңайлы - ғалым К.Қонақова
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде біз оқушыларға тілді не үшін оқытып жатқанымызды ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Бүгін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде басталған ҚР Филологтарының I съезінде Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлемдік тілдер университетінің мониторинг және ішкі аудит бөлімінің басшысы Клара Қонақова осылай айтты.
«Ашығын айту керек, бүгінде Қазақстанда қазақ тілі ғана емес, орыс тілі де ластанып барады. Лексикаға өзге тілдердің сөздері кірігіп, ана тіліндегі сөздер дұрыс қолданылмайды. Сөз саптаудың стилистикалық мәні жойылып барады. Терминдер дұрыс аударылмайды. Бұның барлығы халықтың лингвистикалық қабілетіне нұқсан келтіреді. Сондықтан мемлекеттің тілдік саясатын дұрыс жолға қойған жөн», - деп атап көрсетті К.Қонақова. Ғалымның айтуынша, бүгінде мұғалімдердің өздері тілді не үшін оқытып жатқандарын да білмей жатады. «Біз тілді не үшін оқытып жатқанымызды ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Осының салдарынан балалар айналадағы құбылыстарды бұрыс қабылдап, шынайы өмірдің мәнін түсінбей жүреді», - дейді К.Қонақова.