Мұғалімдердің біліктілігін арттыратын жаңа жүйе 2012 жылы толығымен жұмыс істеуі тиіс - Б.Жұмағұлов

  АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат  /Жасұлан Жолдыбаев/ - Мұғалімдер біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі 2012 жылы толығымен жұмыс істей бастауы тиіс.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыратын жаңа жүйе 2012 жылы толығымен жұмыс істеуі тиіс - Б.Жұмағұлов

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Осы жүйенің жаңа базалық кешендері әзірленуде. Мұғалімдер әлемдік тәжірибеге сәйкес жаңа бағдарлама бойынша 3 айлық даярлықтан өтеді. Қайта даярлау үлгісі арқылы санаттарына қосымша жаңа біліктілік деңгейі беріледі. Осыған сәйкес, жалақыға қосымша ақы төленеді»,-деді министр.

Б. Жұмағұловтың атап өткеніндей, жаңа жүйемен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарының жанынан біліктілікті арттыру орталықтарын, Назарбаев университетінде «Білім» факультетін ашу қажет. Осы жылы қайта даярлаудың жаңа түрі яғни, біліктілікті қашықтықтан арттыру әдіснамасы әзірленуі тиіс.

Министрдің айтуынша, біліктілік деңгейін растау рәсімі де жасалатын болады. «Осылайша, 2012 жылы  біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі толығымен жұмыс істеуі тиіс»,-деп қадап айтты ол.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың қатысуымен өтіп жатқан бүгінгі кеңейтілген алқа отырысына, аймақтық білім беру ұйымдары басшылары, жүзден аса жоғары оқу орындарының ректорлары, балалар құқығын қорғау департаменттері және 14 аймақтан келген білім және ғылым саласының аймақтық бақылау комитеттерінің басшылары, институт ғалымдары қатысты.